Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрынан өрт шықты. Мәдениет ошағында бірден дабыл қағылып, адамдар сыртқа жүгірді.
Оқиға орнына бірден өрт сөндірушілер жетті. Қызыл жалын жертөледен шыққан екен. Көзді ашытып, дем алуды қиындататын түтін лезде жоғарыға тараған. Үйлескен түрде әрекет еткен мамандар отты жылдам ауыздықтады. Мекеме ішінен кейбір адамдар шығып үлгерсе, кейбірі қалып қойған. Қызметкерлер соларды шығарды. Жалпы, 100-ден астам тұрғын эвакуацияланды.
Бұл – оқу-жаттығудың өту барысы. Яғни, арнайы қызметтер арнайы сценарий бойынша тәжірибе толықтырды.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:
– Өрт сөндірушлер шақырылған жерге дер кезінде жетіп, өртті оқшаулады. Іске өртке қарсы гарнизон ғана емес, басқа да қосалқы қызметтер жұмылдырылған.
Тілсіз жаудан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:
– Өрттің себебі толық оқшауланбайынша анықталмайды. Оны арнайы анықтайтын мамандар бар.
Оқу-жаттығу жиынына 11 техника мен 30-дан астам маман жұмылдырылды. Бұндай шараның пайдасы мол. Мамандар сыналады, біліктілік арттырады, ал қарапайым адамдар жайсыз жайтты көзбен көріп, әрекет ету жолдарын ұғынады.
Мәдина Қаби