Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жалпықалалық сенбілікке қатысты

Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына облыс пен қала әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, түрлі ұйым өкілдері мен волонтерлер және қала тұрғындары қатысты. Республикалық “Таза Қазақстан” акциясы аясында өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовтың тапсырмасымен үш айлық акция бастау алған болатын. Соның аясында аймақта ауқымды тазалық шарасы өтіп жатыр.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, қала әкімінің орынбасары:

– Акция аясында әзірге 2 сенбілік ұйымдастырылды. Осы ретте тұрғындарды тазалық шарасына белсенді қатысуға шақырамыз. Келесі сенбілікте ағаш егуді жоспарлап отырмыз.

Тазалық шарасынан қалыс қалмайтын жастардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Волонтерлер саябақтағы Кеңес Одағының Батыры ұшқыш-ғарышкер Владимир Шаталовтың ескерткішінің маңын тазалап жатыр.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз мұндай акцияларға үнемі белсенді қатысамыз. Қоғамға өз пайдамызды тигізуге тырысамыз. Барлық азаматтарды сенбілікке білек сыбана ат салысуға шақырамын.

“Таза Қазақстан” акциясы аясында ұйымдастырылған сенбіліктерге өңір бойынша 23 мың адам қатысып, 10 мың көпқабатты үй мен жеке үйлердің аулалары тазартылды. 180 тарихи-мәдени ескерткіш және 200-ден аса саябақ қалпына келтірілді. Нәтижесінде 11 мың тонна қоқыс жиналған.