Ер есімі – ел есінде. Бүгін №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясында ерекше шара өтті. Білім ұясының оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагері Қабжат Тоқбергеновтің қызы Арман Тоқбергеновамен кездесті. Ол жиын барысында ұл-қыздармен әкесі жайлы жылы естеліктермен бөлісті.
АРМАН ТОҚБЕРГЕНОВА, ҰОС ардагері Қ.Тоқбергеновтің қызы:
– Әкем 1916 жылы дүниеге келген. 1936 жылы әскер қатарына алынған. Отбасыда 6 баламыз.
Қабжат Тоқбергенов – Айыртау ауданына қарасты Сарыөзек ауылының тумасы. Ардагер кішкентай кезінен бастап талай қиыншылықты басынан өткерген. Бесіктен белі шықпаған шақта ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленіпті. Айта кету керек, Арман Қабжатқызы туған соң 3 күннен кейін әкесінен айырылыпты. Асқар тауынсыз өткен балалық шағын жылап еске алған нәзікжанды өз көзіммен көрмесем де әкем менің мәңгілік жүрегімде дейді. Айта кету керек, маңызды шараны Айыртау аудандық “Әжелер кеңесі” ұйымдастырды.
ГАУҺАР ҚАЛЫМҚЫЗЫ, Айыртау ауданы Әжелер кеңесінің төрайымы:
– Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу аға буын өкілдерінің міндеті деп санаймын. Олар елдің азаматтығы үшін қанын төккен батырларды білуі тиіс.
Келген мейманның айтқанын ұл-қыздар ұйып тыңдады. Мол мағлұмат алды. Олар өздері оқып жатқан білім ұясында осындай шараның көптеп өткізілгенін қалайды. Айта кету керек, қазіргі таңда мектепте 800-ден астам оқушы тәлім алады.
Содаң соң арнамыздың түсірілім тобы бұрынғы Володар, қазіргі №1 Саумалкөл орта мектебіне барды. Білім ұясында адам кірсе таңқалып, ішінен шыға алмайтын кабинет бар. Мұнда сонау 1925 жылдан қалған экспонаттар, Ұлы Отан соғысы кезінде пайдаланылған заттар мен батырлардың майданда жүріп үйіне жіберген хаттары бар.
Ұлы Отан соғысына аталған мектептің 200 түлегі барған. Оның 60 пайызы майдан даласынан оралмапты. Айта кету керек, көненің көзі сақталған музей 1989 жылы ашылған екен.
ИРИНА ИЩАК, №1 Саумалкөл орта мектебінің мұғалімі:
– Музейге кез келген адам келіп тамашалай алады. Біз көбінесе мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне арнап экскурсия ұйымдастырамыз. Бұл кабинетке кірген адам шыққысы келмейді. Экспонаттарды көріп, таңқалады. Тіпті, кейбір заттарды қыруар қаржыға сатып алғысы келген жандар да болған. Бірақ, бұл құнды дүниелер мектеп үшін ат басындай алтыннан қымбат. Сондықтан, ешқашан сатылмайды.
Білім ұясында қазіргі таңда 850-ге жуық ұл-қыз білім алады. Олардың әрқайсысы тарих тұнып тұрған кабинеттің тыныс-тіршілігімен танысқан. Кейбірі тіпті, үйінде сақталған құнды жәдігерлерді музейге тапсырған екен.