Бишілердің басы тоғысты. Демалыс күндері облыс орталығында 20 жылдан астам уақыт бойы ұйымдастырылып келе жатқан “Каблучок” хореографиялық ұжымдарының облыстық байқау-фестивалі өтті.
Би сайысына облыстың түкпір-түпірінен 300 қатысушыдан құралған 40-қа жуық топ қатысты. Есілдік “Балауса” би ансамблі көрерменге бүгін қазақ биін ұсынды.
ДИАНА АЛПЫС, байқауға қатысушы, Есіл ауданы:
– Біз Николаевка ауылынан келіп отырмыз. Өзіміз қазақ болғандықтан, қазақи би жанымызға жақын болғандықтан осыны таңдадық. Аса қатты қиындықтар болған жоқ, өйткені, барлығының биге икемі бар.
Қазір сахна төрінде қалалық 4-ші мектептің қыздары өздерінің оюлап тігілген көз тартарлық қазақы көйлектерімен мың бұрала билеуде. Шығармашылық топ әрбір дене қимылымен композицияның мазмұнын жеткізуге тырысып баққан екен.
АРИНА ЕФИМОВА, байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:
– Менің жасым 9-да, бимен 5 жасымнан бері айналысамын. Біз қазақ биін биледік. Өнеріміз қазылар алқасына да, көрерменге де ұнады деп ойлаймыз. Бүгінгі сайыста тек жеңіске жетуге ниеттіміз.
Фестивальдің бірінші күні – ұлттық билер, екінші күні замауани түрде өңделгендері биленді. Би түрі көп. Бірі қытайша мың бұралса, енді өзбектің, славян халықтарының өнерін ұсынды.
ИРИНА КОЛОДАЕВА, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:
– “Каблучок” байқауының беделі зор. Оған қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Біздің мақсатымыз – өнер фестивалін құр өткізіп қана қоймай, өнерлі жеткіншектердің бір-бірімен тәжірибе алмасуларына жағдай жасау.
Сайыс барысында қатысушылардың би қимылдарын синхронды орындауы, музыкалық сүйемелдеудің ұтымды таңдалуы, бишілердің әртістік қабілеті және концерттік костюмдері бағаланды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар табысталды.
Мәдина Қаби