Қоғам

Журналист Зарап Құсайынов 70 жасқа толды

Зарап Құсайынов – өз ісінің шебері. Журналистика саласында талай жыл тер төгіп, бірсыпыра шәкірт тәрбиелеген. Қаламгер өзекті туындыларымен тындарманның жүрегінен ойып тұрып орын алды. Тұрғындардың базыналарын мақалалары арқылы жергілікті әкімдік өкілдеріне жеткізді. Жақында тәжірибелі тәлімгер 70 жасқа толды. Осыған орай Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жиын өтті. Талантты жерлесімізді құттықтауға үзеңгілестері мен шәкірттері келген.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:

– Зараптың жақсы қасиеттері көп. Абай өлеңдеріндегі 5 бекзат қасиет Зәкеңнің бойында бар. Мерейтойы иесі досқа да, жұмысына да адал.

Жиында қаламгердің жарты ғасырлық еңбек жолы баяндалды. Шара барысында теріскейдің нар тұлғасының иығына шапан жабылды.

ЗАРАП ҚҰСАЙЫНОВ, ардагер журналист:

– 11 жыл бойы “Қызылжар нұры” газетінің редакторы болдым. Журналист болу оңай емес. Елге танымал тілші болу үшін талмай еңбектену қажет.

Зарап Құсайынов – білімі мен біліктілігі мол, кез келген мәселені ақылмен шешетін азамат. Қаламгер спортты жаны сүйеді. Бағбаншылықпен де айналысқанды ұнатады екен. Осы сияқты жиындар жас буынның өсуіне зор септігін тигізеді,- дейді “Қызылжар-Ақпарат” серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры:

– Зарап аға талай жерде басшылық қызмет атқарды. Бірақ қоластындағыларға ұрысқанын мүлдем көрмеппін. Жиынға келген жастар аға буын өкілдеріне сауалдарын қойып, білмегендерін сұраса екен деймін.

Зарап Құсайынов 70 жасқа келсе де әлі де қолынан қаламын тастамаған. Ол қазіргі таңда Астанада тұрады екен. Ағамыз бізбен тілдесу барысында әркез теріскейді сағынатынын жеткізді.

 

Нұрасыл Ахмет