Петропавлда атақты Райымбек батырдың 320 жылдығына орай республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. “Қазақ елдігін сақтап қалудағы батырлардың рөлі” атты жиынға өмірде көргені мен түйгені көп аға буын өкілдері және жастар қатысты. Райымбектің атақ-даңқы кіндік қаны тамған Нарынқол жерінде, Алатаудың баурайында бала күнінен асқақтаған. Ерлігін бес саусақтай білетін жоңғарлар оны жырға да қосқан.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:
– Ол өте көреген болған. Қазақтар шайқаста жеңсе, тойлап отырған. Ал Райымбек бұған 15 жасынан қарсы болған. Осы мәселе бойынша әкесімен талай дауласқан. Райымбектің бар мақсаты жауды толық жеңу болған.
Райымбектің ерлігі бүгінгі күнге аңыз-әңгімелер, тарихи фактілер және батыр тулары жазылған туындылар арқылы жетті. Бұл жерде де ерлік жасалғанын білу қажет. Мойында қамыт, аяқта тұсау тұрған шақта аса маңызды еңбектер оқырманға бірден жол тартпаған.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері:
– Райымбек батыр туралы 70-ші жылдары Мұқағали Мақатаев поэма жазды. Бірақ, ешқайда жарияланбады. Жариялауға рұқсат берілмеді. Туынды 1985-ші жылы ғана жарық көрді. Оны “Лениншіл жас” газетіне Сейдахмет Бердіқұлов шығарды.
Сол үшін төрдегі төрелер жазушы Сейдахмет Бердіқұловқа сөгіс жарияланыпты. Ел басына күн туған шақта Алтай мен Атыраудың арасын солтүстікқазақстандық батырлар да қорғады. Оларды көбі біле бермейді. Ат үстінде айлап күн кешкен жаужүрек жерлестерімізді профессор Жанбатыр Сартаев біраз зерттеген.
ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:
– Өңірімізде Мықтыбай батыр деген болған. Жамбыл ауданындағы Баян ауылында туған. 29 жасында өмірден озыпты. Жоңғарлармен күрескен. Қарағанды облысындағы Шет ауданында жерленген. Біз сол жерге ескерткіш қойдық. Ал Жарқайың ауданынан 15 батыр шыққан.
Демек, біз батырларымызды насихаттап, кеуде қаға айтуымыз керек. Алайда, бұл іс жоғары деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Жанбатыр Сартаев мектептердің сылбыр жұмысына қынжылады. Ағамыздың айтуынша, білім ұялары айтары көп ағаларды анда-санда ғана іздейді.
ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:
– Мектептерде батырларды насихаттау ісі ақсап тұр. Оны айтып кету керек. Материал аз. Мектеп ұжымдары бізбен кездескісі келмейді.
Республикалық ғылыми-теориялық конференцияға бірнеше өңірден баяндамашы қатысты. Олар қашықтықтан құнды деректер топтасқан баяндама жасады.
Байболат Құлтанов