Қоғам

“Саланг” әскери-патриоттық клубына 300 мың теңге табысталды

Петропавлдағы “Саланг” әскери-патриоттық клубын көпшілік біледі. Қазақстанға және шетелдерге танымал ұжым жақында кезекті сапарға аттанбақ. Жерлестеріміз Ресейдің Новгород өңіріне барып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлердің денесін іздейді. Жолға шығуға әзір отырған азаматтарға Халық партиясының облыстық өкілдігі тарту жасады.

Билет алу үшін 300 мың теңге табысталды. Сонымен қатар, әскерилерге жақсы таныс тамақ, сөмке мен резеңке етік, су құятын ыдыс сынды дүниелер тарту етілді.

БОЛАТ ҚОЖАХМЕТОВ, Қазақстан Халқы партиясы СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Александр Азегов 40 жыл бір мекемеде еңбек етіп келеді. Қоғам белсендісі, жастарға әскери-патриоттық тәрбие береді. Былтыр қалалық әкімдікке Александр Анатольевичке “Петропавл қаласының құрметті азаматы” атағын беру туралы ұсыныс тастадық. Өтінішіміз жерде қалмады. Бастамамызды мәслихат қолдады.

“Саланг” әскери-патриоттық клубы биыл 30-шы сапарға аттанбақ. Оны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап отыр. Міндет жауапты, жұмыс ауыр. Жерлестеріміз ағымдағы жылы тарихи нәтиже тіркеуге ниетті.

АЛЕКСАНДР АЗЕГОВ, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Ұлы Отан соғысында 800 мың адам із-түссіз жоғалған. Майдан даласынан соларды іздеп жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 400 мың жауынгердің мүрдесі табылды. Бұл біздің ғана еңбегіміз емес, жыл сайын Новгород облысына 2 мың іздеуші адам келеді. Баршамыздың маңдай теріміз дегім келеді. Жұмыс оңай емес. Ауа райы жиі өзгереді. Түрлі қиындықтарға тап боламыз.

Новгород өңіріне жету біраз күшті талап етеді. Теріскейліктер бірнеше пойызға мінеді, өздерімен бірге құрал-жабдық апарады.

АЛЕКСАНДР АЗЕГОВ, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Бұған дейін бізге “Мир” деген қор көмектесті. Билетке, тамаққа ақша берді. Одан қалды әрқайсымыздың жұмыс орнымыз жәрдем береді. Мысалы, өзім дәнекерлеуші болып қызмет етемін. Сапарға шыққан кезде еңбекақым сақталады. Бүгінгі көмек үшін алғыс білдіргім келеді. Былтыр да қаржылай қолдау алдық. Ресейге жақында арнайы шақырту алған 9 адам барамыз.

“Саланг” әскери-патриоттық клубының еңбегін, ерлігін жер-жерде айту қажет. Александр Азегов бастаған азаматтар осы күнге дейін 1 жарым мыңнан астам майдангердің денесін тауыпты. Соның 30-ының кім екені белгілі болған.

 

Байболат Құлтанов