Облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде ювеналды полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен профилактикалық шара өткізілді. Оның негізгі мақсаты – буллингтің алдын алу. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қазір Петропавл қаласында девианттық мінез-құлық бойынша 36 жасөспірім есепте тұр. Одан бөлек, қолайсыз отбасыдан шыққандар 75 бала бар.
ДИНАРА МҰҚАНОВА, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы:
– Жыл басынан бері Петропавлда кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен 7 қылмыс орын алды. 2 жасөспірім бірнеше қылмыстық іске барған, бұзақылық жасаған. Сонымен қатар, сабақты еш себепсіз босата берген. Олар Алматы қаласындағы арнайы мектеп-интернатына жіберілді.
Бала тәрбиесіне мектептегі өмір тікелей әсер етеді. Егер ұл-қыздар оқушы күндерінде теріс қылықтарға барса, болашақта бармақ тістеп қалуға болады. Кездесу барысында буллинг сынды бұзақылық неге әкеліп соғатыны жайлы кеңінен айтылды. Ата-ана уайымдайды, заң бұзушы тарап жаза арқалайды, өмірбаянға енген жағымсыз деректер келешекте жұмысқа орналасу кезінде кедергі келтіреді. Осыны жастар білу қажет.
РАЙЫМБЕК ҚҰДАЙБЕРГЕН, СҚО олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушысы:
– Осындай іс-шаралардың өткізілуі біздей жастарға өте пайдалы деп ойлаймын. Себебі, жастар арасында буллинг, кибербуллинг деген өте көп. Өзім буллингке ұшыраған жоқпын. Бірақ, ұшыраған таныстарым болды.
Ювеналдық полиция қызметкерлері әлімжеттік мәселесімен шектелмеді. Олар интернет-алаяқтық туралы бірсыпыра мағлұмат берді.
Мәдина Қаби