Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі ешқашан ұмытылмайды. Біздің бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз – сұрапыл майданда азаттық үшін қанын төккен аталарымыздың арқасы. Жалпы, облысымызда 56 майдангер “Кеңес одағының батыры” деген атақ алған. Оның 11-і – айыртаулық жауынгерлер. Бүгін Саумалкөл ауылында батырлардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Маңызды шара “Біздің көшелер – батырлар есімімен” жобасы аясында ұйымдастырылды.
Ел ертеңі үшін күрескен жауынгерлерлердің батырлығы мен қайсарлығы ұрпақ есінде мәңгі сақталады. Біз бейбіт өмір сыйлаған жандарға қарыздармыз.
МЕЙРАМ МЕНДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Батырлар есімі ешқашан ұмытылмайды. Ауданда алдағы 1 ай бойы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған түрлі шаралар өтеді.
Маңызды шараға түрлі ұйым өкілдері, еріктілер мен ауыл тұрғындары және мектеп оқушылары қатысты. Соңғы аталғандары “Тәуелсіздігіміздің қадірін түсініп, ел ертеңін ойлайтын азамат болса екен”,- дейді Айыртау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Елемес Қалиев.
ЕЛЕМЕС ҚАЛИЕВ, Айыртау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Саумалкөлдегі 10 көшеге “Кеңес одағының батыры” атағын алған майдангерлердің аты берілген. Біз бүгін сол көшелерде тазарту жұмыстарын жүргіземіз.
Содан соң жиылғандардың барлығы өзара бөлініп майдангерлердің аты берілген көшелерде тазалық шарасын өткізді. Жасырын емес көктем келісімен облыс, аудан орталықтары күл-қоқысқа толады. Бірақ, саумалкөлдіктер айналаның мұнтаздай таза болуы үшін апта сайын сенбіліктер мен бейсенбіліктер өткізіп тұрады екен. Аудан әкімі де игі істен қалыспай, тұрғындармен бірге тазалық шарасына қатысты.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Наурыздың соңынан бастап ауданымыздағы тазалық шаралары басталды. 3 ай бойы апта сайын бейсенбіліктер мен сенбіліктер өткізіп тұрамыз. Аудан тұрғындары тазалық шараларына белсенді қатысады.
Елді мекеннің таза болуы – тұрғындардың денсаулығының кепілі. Сондықтан, саумалкөлдіктер бірде-бір тазалық шарасын қалдырмай, аудан орталығының көркеюіне белсенді атсалысады.
Айта кету керек, Саумалкөлде барлығы – 11 мыңнан астам адам тұрады.
Нұрасыл Ахмет