Петропавлда жүздеген студентке интернет алаяқтық жайлы айтылды. Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – қазіргі таңдағы аса өзекті мәселенің бірі. Себебі, жаһандық желідегі пысықайлар арам ойларын жүзеге асыруды жалғастыруда. Мұндай Алдар Көселер арамызда да жүр. Демек, әлі де сақтық шараларына қарқын қосу қажет. Бұған жуырда Мемлекет басшысы кезекті мәрте тоқталды.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында осы мәселеге арнайы тоқталды. Президенттің сөзінше, біздің қоғамда қайырымдылыққа деп ақша жинайтын, сосын жиналғанды жеке басының пайдасына жарататын теріс пиғылды адамдар көбейді. Бұдан бөлек, қазір жұртқа ақыл айтып, тиын табатын жалған психологтар мен «коучтар» да қаптап кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты органдар бұл түйткілдерді назарға алуы қажеттігін баса айтты.
Интернет алаяқтар мен арамызда жүрген Алдар Көселер жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығарады. Оларға сенгіш студенттер көбейіп жатыр. Мысалы, кейбірі желі арқылы байланысқа шыққан қудың айтуымен дроппер атанады. Дроппер дегеніміз – телефонның ар жағындағы айлакердің айтқанын ақшаға орындаушы. Шалыс қадам жасаған қыз-жігіттердің көбісі банк картасын ашады екен.
РАСУЛ ЕСІМБЕК, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі:
– Студенттер банк карталарын ашып, 5-10 мың теңгеден сатады. Алматыда, Астанада осындай жағдайлар болды. Тіпті, 1 студент 100 карта аштырған жайт та тіркелді. Ол карталарды туған-туыстарының атынан ашқан.
Біреудің атына ашылған карта интернет алаяқтарға ауадай қажет. Олар сол есепшот арқылы ақшаны қабылдайды және өздеріне қажет жерге аударады. Нәтижесінде қаржы қулардың қалтасына түседі, қылмыстың ізі де қалмайды. Ал айлакердің сыбайласы ретінде дроппер жаза арқалауы мүмкін. Жиында осы жайлы кеңінен еркін форматта баяндалды. Сонымен қатар, жастарға үйдегі үлкендерді бақылап отыру керектігі туралы айтылды.
РАСУЛ ЕСІМБЕК, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі:
– 65-70 жастан асқан адамдар үйлерінде бос отырады. Түрлі сайттар бойынша жұмыс іздейді. Осы жерде сілтемелер арқылы өтіп, алаяқтарға ұрынып қалады.
Түсінікті тілмен айтсақ, қомақты табыс табуды көздеген үлкендер өзінің жеке деректерін алаяқтарға ұсына салады. Ал қулар сол бойынша ойларына келгенді істейді. Жиынға қатысушы жастардың арасында айлакерлердің құрығына өздері немесе жақындары түскендер де болды. Дамир Ахметтің әкесі ойда-жоқта сан соққан. Оның ватцап месенджерін бәз біреулер бұзыпты.
ДАМИР АХМЕТ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
– Әкем ватцапқа ноутбук арқылы кіріп, қайта шықпаған. Сол сәтте алаяқтар таң қалдырарлық жолмен оның ноутбугіне қашықтықтан қол жеткізген. Артынша барлығына ақша сұрап жазған. Бірақ, анама, маған және қарындасыма хабарлама жолдамаған. Демек, олар барлығын білген. Таныстарының бірі 40 мың теңге жолдапты. Біз бірден полицияға бардық, сол жерде аударылған ақшаны кері қайтардық. Сол күні әкем қатты уайымдады.
Сәуірдің 17-сі күні Қазақстанда жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған республикалық олимпиада өтеді. Бүгінгі жиынға келген ұл-қыздар білгірлер сайысына қатысу мүмкіндігін иеленді. Топ жарғандар Ресейде өтетін халықаралық додада бақ сынау мүмкіндігін иеленбек.
Байболат Құлтанов