Теріскей төрінде “Гауһартас” III республикалық ұлттық өнер фестивалі өтті. Шара Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 25 жылдығына арналды. Ширек ғасырлық мерейтойда ұжым тыңдарманға жиі орындала бермейтін туындыларын ұсынды. Шара оркестрдің тарихын баяндалған видеороликпен басталды. 40 өнерпазды біріктірген оркестрдің дирижёрі, мәдениет қайраткері – Қайырлы Ғафуров.
ҚАЙЫРЛЫ ҒАФУРОВ, Сегіз сері атындағы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі:
– 25 жыл біреу үшін көп, біреу үшін аз болуы мүмкін. Бізге жалпы өнер ұжымы үшін бұл бір жол. Қандай жолмен жүріп өттік, артымызда қандай із қалдырдық деген сұраққа жауап беру үшін осы фестивальді және концертті өткізіп жатырмыз.
Оркестрдің орындауындағы “Би күйі” атты туындыға “Әдемі-ау” ансамблі би биледі.
Сондай-ақ, “Гауһартас”, “Жеңіс салтанаты”, “Алатау”, “Сарыарқа” күйлері мен өзге де танымал туындылар орындалды. “Айтулы шараның өзіндік ерекшелігі бар дейді”,- облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжан.
БІРЖАН ЕСЖАН, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
– Бұл фестивальдің басты ерекшелігі – жан-жақтан келген композитор ағаларымыз Қызылжарға арнап, Мағжан елі деп бас иіп, өздерінің авторлық туындыларын табыстайды.
Өнерпаздардың өнерін бағалап келген жандар аз емес. Оркестрдің көрсеткен өнеріне қошемет білдіріп, қолдауларын аямады. Өңіріміздің дирижерларына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев оң бағасын берді.
ЖОЛАМАН ТҰРСЫНБАЕВ, композитор:
– Еліміздің мықты деген дирижерлері өнер көрсетеді. Мен бұндайды еліміздің басқа жерлерінен көрмедім. Бұл – Қызылжардың жанданып, дамып келе жатқанының белгісі.
Оркестр өнері мен әуен арқылы сыр шертетін композиторлардың шығармашылығы тоғысқан бұл кеш – өңірдің мәдениет саласының өркендеп келе жатқанының дәлелі.