Өңіріміздің климаты майлы дақыл өсіру үшін аса қолайлы.
Теріскейлік диқандар өткен жылы 170 мың тонна рапс, 283 мың тонна жасымық және 160 мың тоннадан аса күнбағыс жинаған. Уақыт өткен сайын өнім алудың мүмкіндіктері де өзгеріп отырады. Бұл туралы бүгін ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер мен сарапшылардың қатысуымен өткен семинарда талқыланды. Мәселен, жасымық пен күнбағысты ылғал жетіспейтін жағдайда да тиімді өсіруге болады дейді агросарапшы Виктор Сверида. Сондай-ақ, білікті маман өсімдіктің өркен жаюына ықпал ететін тәсілдерге тоқталды.
ВИКТОР СВЕРИДА, агросарапшы:
Семинар барысында біз күнбағыстың жақсы жетіліп өсуіне мүмкіндік беретін
күйзеліске қарсы өнімдер туралы баяндаймыз. Бұл тәсілдің нәтижесінде
өсімдікті арамшөп пен зиянкестерден қорғап, жылдам емдеп алуға болады.
Әдетте бұған кемі 10 күн уақыт кетсе, енді небәрі 2-3 күн жұмсауға болады.
Осы ретте дақылдың тамыр жүйесіне мән беру қажет.
Сонымен қатар, рапстың гүлдеу кезеңін созуға мүмкіндік беретін өнімдер бар екен. Яғни дақыл белсенді гүлдеп, жаңа бүршіктер пайда болып, нәтижесінде мол өнім береді. Өсімдіктің гүлдеу ерекшелігіне сәйкес өнімділікті 10-15%-ға арттыруға болады. Еске сала кетейік, биыл облыста 120 мың гектар жерге рапс, 140 мың гектардан астам аумаққа жасымық пен дәл осынша көлемге күнбағыс егіледі.
Данаш Хамза