МТРА жаңалықтарыҚоғам

Колледжде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Қарақат Шыршығұл болашақта полиция қызметкері атанғысы келеді. Қазір ол жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Жол қозғалысын ұйымдастыру” мамандығына оқып жатыр. Биыл қолына диплом алған соң, оқуын жалғастырғысы келеді. Осы мақсатта ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына түсуге ниеттеніп жүр. Бұрымды шенді мамандардан жоғары оқу орнында қойылатын талап туралы сұрады.

ҚАРАҚАТ ШЫРШЫҒҰЛ, жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Бұл мамандыққа түсу үшін дене шынықтыру бойынша тест, анализ, ҰБТ тапсырып жоғары балл жинау қажет. Осы мамандық өзіме қатты ұнайды. Полицей болу – менің бала кезден бергі арманым.

Жұмыс ұсынушылармен жүздесуге келгендердің барлығы – биыл қолына диплом алатын жастар. Оларды жұмыс мәселесі мазаламай қоймайды. Бүгінгі жәрмеңкені пайдаланған түлектер екі қолға бір күрек іздеуге асық. Кәсіптік-педагогикалық колледжінің өкілдері 50-ге тарта серіктестікпен дуалды оқыту бойынша келісімшарт жасасқан. Солардың бірі – “Вивага-Лада” кәсіпорны. Ұйым өкілдерінің болашақ мамандарға ұсынары бар.

АЛЕКСЕЙ МЯСНИКОВ, серіктестік қызметкері:

– Бізде қазір 3 орын бос тұр. Үшеуі де көлік жөндеуге қатысты мамандықтар. Бәрін өзіміз үйретіп, түсіндіреміз. Серіктестікте қазір осы колледждің 5 студенті өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Оларды да жұмысқа алуды жоспарлаудамыз.

Шараға 20-ға жуық жұмыс ұсынушы қатысты. Жалпы, қазір қала бойынша 700-ге тарта ұйымда мың жарымнан астам бос орын бар. Еске сала кетейік, кәсіптік-педагогикалық колледжін өткен жылы аяқтаған 300-ден астам студенттің 70 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

 

Мәдина Қаби