Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға. Мұғалім оқушының бойына білімді сіңірмес бұрын өзі де міндетті түрде білікті болуы қажет. Бүгін облыс орталығында мұғалімдердің кезекті семинары өтіп жатыр. Бұл жолғы шара тек қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған. Педагогтармен қалалық “әл-Фараби” мектеп-лицейінің ұстаздары тәжірибелерімен бөлісуде.
Ләйлә Жолдоғарина аталған мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. 25 жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз бүгін әріптестеріне сандық білім беру ресурстарын ұтымды қолдану бойынша шеберлік сабағын көрсетті.
ЛӘЙЛӘ ЖОЛДОҒАРИНА, “әл-Фараби” мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:
– Тәжірибе алмасу барысында бүгінгі таңда пән бойынша қолданылатын заманауи платфорламар, классрум, онлайн платформа сияқтыларды көрсеттім.
Тыңдаушы педагогтардың сабақтан түйгені мол. Корнеевка гимназиясының мұғалімі Ақмарал Жақыпова: “Жаңа тәсіл білім беру сапасын арттыратыны сөзсіз”,- дейді. Ең бастысы, оны дұрыс қолдана білу керек.
АҚМАРАЛ ЖАҚЫПОВА, Корнеевка гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Есіл ауданы:
– Әдіс-тәсілдердің ішіндегі ең қатты ұнағаны: сыныптағы оқушыларды топтарға бөлу және дидактикалық, практикалық жаттығулар әзірлеу.
ЖАНАР ӘБІЛОВА, «Әдістемелік орталық» КММ әдіскері:
– Шараның мақсаты – ұлттық педагогиканы насихаттау, сандық ресурстарды дұрыс қолдана білуді үйрету.
Семинарға облыс орталығы мен аудандардан 30-ға жуық мұғалім қатысып жатыр. Жалпы, шара ұлы ойшыл ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған.
Мәдина Қаби