Білім

Жергілікті университетте Евней Бөкетов атындағы аудитория ашылды

Біртуар тұлғаға құрмет. Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да жерлесіміз, атақты ғалым, жазушы және техника ғылымдарының докторы, академик Евней Бөкетовтың 100 жылдығына орай дәріс аудиториясы ашылды. Маңызды шараға тарихи тұлғаның туған-туысы мен университет өкілдері қатысты.

Нұрсұлу Бөкетова – Евней Бөкетовтың немере қарындасы. Нәзікжанды қазір Қарағанды қаласындағы ағасының атымен аталатын университетте еңбек етуде. Нұрсұлу Ыбырайқызы 90-шы жылдары сол білім ордасында ағылшын тілі факультетінің негізін қалаған екен. Сол кездері Евней Арыстанұлымен бірге жұмыс істеп, оның қандай қарапайым жан болғандығына тоқталды.

НҰРСҰЛУ БӨКЕТОВА, Евней Бөкетовтің немере қарындасы, филология ғылымдарының докторы:

– Ол кісі сондай дарынды, ұстамды әрі шыншыл жан еді.

Аудитория барлық заманауи стандартқа сәйкес келеді. Мұнда алдағы уақытта дәрістер оқылады, семинарлар ұйымдастырылып, түрлі зерттеулер жүргізіледі. Аудиторияда Евней Бөкетовтің өмірі мен қызметі туралы жазылған кітаптар мен өзінің еңбектері қойылған. Шараға қатысушылар білім бөлмесі жастарды тарихи тұлғаны үлгі етіп, ізденіске ұмтылуға сеп болады деген пікірде.

 

Мәдина Қаби