Бүгін Петропавлда “Таза Қазақстан” акциясы аясында жиын өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, қала басшысы және абаттандыру жұмыстарына жауап беретін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Отырыс шымылдығын Марат Иманбайұлы ашып, жалпыұлттық экологиялық шараның маңыздылығына тоқталды.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– “Таза Қазақстан” акциясы – бұл жай ғана ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Қоршаған ортаның мұнтаздай таза болуы – халық денсаулығының кепілі. Былтыр басталған жоба биыл да өз жалғасын табады. Жалпыұлттық шара Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылуда. Игі бастама арқылы біз өңірімізге мыңдаған турист тарта аламыз.
Ал облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңірде экологиялық акция аясында атқарылған жұмысқа тоқталды. Өткен жылы аймақты абаттандыруға 7,6 млрд теңге бөлініпті. Теріскейде бір жылдың ішінде балаларға және спортпен шұғылдануға арналған 80-ге тартар алаң салынған. 38 мыңға жуық көшет егілген.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Ағымдағы жылдың 29 наурызынан бастап өңірімізде “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбіліктер өткізіліп жатыр. Игі шараларға 15 мыңға жуық жерлесіміз қатысты. 255 техника жұмылдырылды. Экологиялық шара аясында 5 мың 600 аула тазаланып, 9 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
Қанат Малғаждарұлының сөзінше, абаттандыру жұмысы аясында биыл да ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс. Ағымдағы жылы облыста жаңа 42 спорттық, 40 балалар алаңы салынбақ. Бақандай 130 мыңға жуық көшет егілмек. Кейін мінберге қала әкімі Серік Мұхамедиев шығып, облыс орталығын көркейтуге арналған кешенді жоспармен бөлісті.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Ағымдағы жылы өткен сенбіліктерге 2 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. 1 мың тонна қоқыс шығарылды. Былтырғы су тасқынынан кейін шаһар маңы күл-қоқысқа толды. Оған себеп – былтыр Петропавлда апатты деп танылған мыңнан астам баспана бұзылды. Зардап шеккен аумақтардан 320 мың тонна қоқыс шығарылды. Біз астан-кестені шыққан аудандарға 2 мың көшет отырғызып, жаңа саябақтар салуды жоспарлап отырмыз.
Петропавл – облысымыздың келбеті. Сондықтан шаһар ішіндегі көрініс көз шошитындай емес, адам қызығарлықтай болуы тиіс. Бірақ, жасыратыны жоқ, қаламыз күл-қоқысқа толы. Үй маңындағы қалдық уақытылы шығарылмайды. Бәріне бірдей топырақ шашпаймыз, алайда, жауапты серіктестіктердің көбі өз жұмыстарын дұрыс атқармайды. Жиын барысында Марат Иманбайұлы Петропавлды абаттандыру жұмыстарымен айналысатын мердігерлердің жұмысын сынға алды. Ол қираған мәдени ескерткіштер, сынған аялдамалар, төгілмеген қоқыс жәшіктері мен шөбі өсіп кеткен спорт алаңдарындағы жағдайды слайд арқылы көрсетті.
Марат Иманбайұлы жауаптыларға мамыр айына дейін аталған олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды. Басқосу соңында барлық солтүстікқазақстандықты 19-сәуір күні бүкіл облыс бойынша өтетін тазалық шарасына біркісідей атсалысуға шақырды.
Нұрасыл Ахмет