Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары басталды. Әзірге, алқаптарға ырыс дәні сіңірілмейді. Бүгінде өңіріміздің жер емген диқандары ылғал жабуда. Биыл көктем ерте келді, қар тез еріді. Демек, танаптағы ылғалды ауаға ұшырмай, дер кезінде сақтап қалу қажет.
ДӘУРЕН ТОҚОЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Биыл ылғал жабу жұмысы 100 пайыз жүргізіледі. Яғни, тұқым себілетін аумақ толығымен қамтылады. Ал егістіктің жалпы көлемі 4,4 млн гектарды құрайды. Соңғы деректерге сүйенсек, облысымыздың диқандары 13 мың гектарда ылғал жапты. Шаруа жалғасын табады, істің барысын ұдайы қадағалап отырамыз.
Сала өкілдері мен диқандар өзге де тұстарды бақылауда ұстауы тиіс. Биыл көктемнің ерте келуіне байланысты қыстайтын арамшөп тез өсуі мүмкін. Бұл артық күш пен шығынға әкелетіні сөзсіз. Брифинг барысында басқарма басшысы шаруаларды танаптарды механикалық өңдеуге шақырды. Ескерер жайт, кәсіпкерлер қолдаусыз қалмайды.
АРМАН САЛЫҚОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:
– Ағымдағы жағдайды айтар болсақ, биыл өңірімізге көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 85,5 млрд теңге бөлінді. Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалымен 394 тауар өндіруші қаржыландырылды. Жеңілдетілген займның көлемі 61,1 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша жүзеге асады. Қарыз 5% үстемеақымен ұсынылады.
Жақын арада рәсімделген қарыздың да, алған кәсіпкерлердің де саны артады. Бүгінде филиал мамандары бірсыпыра өтінішті қарап жатыр. Енді ауа райы жайлы сөз қозғайық.
НАТАЛЬЯ ЛЕВИНА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директорының орынбасары:
– Мамыр айында да температура климаттық нормадан жоғары болады. Кей күндері ғана сынап бағанасы төмендейді. Құрғақ жел жиі соғады. Жаңбырға келсек, жауын бірқалыпты жаумайды. Көрсеткіш өңіріміздің әр ауданында әртүрлі болмақ. Маусымда да жоғары температура байқалады.
Былтыр жаңбырдан көз ашпасақ, биыл жиі тасаттық беретін түріміз бар. Дегенмен, бұл – болжам. Нақты қандай ауа райы болатыны алдағы күндердің еншісінде…
Байболат Құлтанов