Қозыбаев пен Аризона университеті арасындағы серіктестік жеміс бере бастады. Бүгінде жергілікті білім ордасында бірнеше шетелдік маман еңбек етіп, тәжірибемен айналысуда. Геномика институтының директоры Род Винг өңір тарихында қалуы мүмкін. Ол бидайдың құрамын зерттейді.
РОД ВИНГ, Геномика институтының директоры, АҚШ:
– Менің мақсатым – “Жер шарын ластамай, жер шарын тамақтандыру!” Көздегеніме жету үшін күн-түн демей ойланамын. Петропавлға, Қозыбаев университетіне бекерден-бекер келген жоқпын. Бидайды жан-жақты зерттегім келеді. Ғылыми тілмен айтсақ, сапалы геномдық секвенирлеу жүргізсем деймін. Біз сол арқылы өңірге қолайлы сұрыпты анықтаймыз.
Америкалық ғалым солтүстікқазақстандықтар үшін ғана емес, қызылордалық әріптестері үшін де зерттеу жүргізуде. Танымал Сырдың жағасында күріш өсетіні белгілі. Род Винг сол ақ алтынның ең тиімді нұсқасын ұсынсам дейді.
РОД ВИНГ, Геномика институтының директоры, АҚШ:
– Мен Қазақстанды бидай өсіру бойынша әлемдік астанаға айналдырғым келеді. Тағы бір мақсатым – күріштің сапасын жақсарту. Бұл бағытта елдеріңізде 20 жыл бұрын зерттеу жүргізілген. Сол жемісті болып отыр. Осы орайда су үнемдеуге күш салынады. Сонымен қатар, табиғатқа да құрметпен қараймын. Келешекте Каспий итбалықтарын көбейткім келеді.
Қозыбаев пен Аризона университеті арасындағы серіктестік одан әрі беки түспек. Жаңа мамандықтар, жаңа оқытушылар мен жаңа құрал-жабдық. Жақын арада осындай өзгерістер орын алады.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор:
– Қазіргі таңда университет базасында студенттер 3 қосдипломды оқыту бағдарламасы аясында білім алып жатыр. Олар: “Биотехнология”, “IT-технология” және “Инклюзия”. Яғни, біз Аризонамен бірлесе осылар бойынша маман дайындаймыз. Жақында тізім толыға түседі. Алдағы уақытта Петропавлда “Бизнес” және “Медицина” мамандары да қос диплом ала алады. Бұл ел және облыс тарихындағы айтулы оқиға болмақ.
Жоспарды жүзеге асыру үшін Қозыбаев университетінің басшылығы жақында бейінді министрмен бірге АҚШ-қа барады. Онда “Бизнес” және “Медицина” мамандықтарын қатарға қосу үшін маңызды құжаттарға қол қойылмақ.
Байболат Құлтанов