Биыл халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының құрылғанына 35 жыл толды. Осыған байланысты бүгін Петропавлда тіл жанашырларының басын қосқан алқалы жиын өтті. Жасыратыны жоқ, теріскейде ана тіліміздің мәселесі қай кезде болмасын өзекті болған. Оны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шешу керек. Бас қосуға арнайы келген халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы облыстағы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.
РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті:
– Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ өзге өңірлерге қарағанда белсендірек. Теріскейде мемлекеттік тілді насихаттайтын жиындар көптеп өткізіледі. Соған қарап, жергілікті әкімдік өкілдерінің қазақ тіліне деген көзқарасы оң екенін көре аламыз.
Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Ол әкімдік тарапынан аталған ұйымға қай кезде болмасын зор қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осы ретте халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының бір жыл ішіндегі атқарған жұмысына тоқталсақ. Ұйым өкілдері “Бала тәрбиесі ана тілінен басталады” атты бағдарлама аясында 40-тан астам мектепке дейінгі мекемеге барып түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Маңызды шаралар 2500-ге жуық адамды қамтыған. Тіл жанашырлары “Ономастикалық кеңістікті реттеу жолдары” жобасы аясында 50-ден астам елді мекенге барып, ондағы тұрғындармен кездесулер өткізіпті.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ төрағасы:
– Қаладағы орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Тұрғындармен жаңа туған нәрестелердің тегі мен әкесінің атын қазақша жазу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
“Тәрбие – тал бесіктен”. Сондықтан, балалар ана тілді бесіктен белі шықпаған шағынан бастап меңгеру қажет. Бәріне білеміз, жеткіншектер кішкентай кезінде көргенін қайталайды. Ата-аналар үй ішінде қазақша сөйлесе, өңіріміздегі қазақ тілінің ауқымы кеңейер еді. “Болашақ – жастардың қолында екенін ескерсек, осы бағытта ауқымды жұмыстар атқаруымыз қажет”,- дейді тіл жанашыры Ербақыт Амантайұлы.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық мәслихат депутаты:
– Қазіргі заманда әлеуметтік желілердің тілі мен түрлі интернет-контенттерді қазақыландырсақ, оң өзгеріс орын алады деп ойлаймын. Осыдан 15 жыл бұрын Петропавлда бір ғана таза қазақ мектебі болатын. Қазір олардың саны 8-ге жетті.
Жиында өңірде іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі оң жолға қойылғаны айтылды. Басқосу соңында аймақта ана тіліміздің дамуына зор үлес қосып жүрген жандар марапатталды.