Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Петропавлдағы балабақшаларды аралауда. Олар қызметкерлермен, балалармен кездесіп, өрт қауіпсіздігі және терезеден құлап кетпеу туралы айтып жүр. Соңғысы қазіргі таңда аса өзекті саналады. Көктем келді, күн жылынды. Көпқабатты үйлердің терезесі ашық тұрады. Егер ұл-қыздар қараусыз жүрсе, ойда-жоқта зардап шегуі мүмкін.
ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:
– Өткен жылдың 8 айы ішінде елімізде 3 пен 5 жас аралығындағы 188 бала терезеден құлаған. 25 бала қаза тапты. Ал Петропавл қаласында 3 бала жарақат алды. Омыртқа сүйектерін сындырып алғандар бар. Осындай жағдай болмасын деп қазір ата-аналармен профилактикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Статистика бас шайқатады. “Сақтансаң, сақтармын!” демекші, мамандар ата-аналарды терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуға шақырады. Ондай дүниенің бағасы қалта қақпайды.
ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:
– Кішкентай балалар қауіпті түсінбейді, қорқу дегенді білмейді. Жас ата-аналар айтылғанға құлақ түрсе дейміз. Көбі телефонмен отырады. Балаларын қарт адамдармен де қалдырады. Өкінішке қарай, осындай кезде түрлі жағдай орын алады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері ақпараттандыру жұмысын жалғастырмақ. Олар шаһардағы барлық мекемені қамтуды жоспарлап отыр.
Байболат Құлтанов