Мәдениет

Балалар кітапханасында үздік оқырмандар анықталды

Ұл-қыздар кітапханаға кірген сәтте оларды түрлі-түсті киінген бишілер қарсы алды. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Сүйікті кітаптар ізімен” атты балалар кітап апталығының қорытынды шарасы өтіп жатыр. Бір жеті бойы кітапхана мамандары ұл-қыздардың басын қосып, түрлі іс-шаралар, ойындар өткізген. Тіпті, осы аптада балаларға арналған су жаңа кітаптың тұсауы да кесілген екен.

ДАМИРА ЖҮСІПОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі:

– Апта бойы балаларды кітап оқуға баулу мақсатында көптеген мерейлі іс-шаралар өткізілген болатын. Тоқтала кетсем, квест ойындары, ертегі әлеміне саяхат ойындары және белгілі балалар жазушысымен кездесу өткізілді.

Қазір кітапхананың 16 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Соның дені апталыққа белсенді қатысып, кітап жарысып оқыған. С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 5-сынып оқушысы Камилла Темірбаева – кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі. Ол “Менің атым Қожа”шығармасын сүйіп оқиды екен.

КАМИЛЛА ТЕМІРБАЕВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Менің сүйікті туындым – Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” кітабы. Ол өте қызықты және басқа балаларға да кітап оқуға кеңес беремін.

Шара соңында оқушыларға сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Кітапханада енді Ұлттық кітаптар аптасы бастау алады. Шара сәуірдің соңына жоспарланған. Жалпы, балалар кітапханасында қазіргі уақытта 70 мыңнан астам туынды бар.

 

Мәдина Қаби