Мәдениет

Туризмді дамыту – елді дамыту

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында осындай мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша, Қазақстан туристік әлеуетін әлі толық пайдаланған жоқ. Білікті маман тапшы. Өзіміз жақсы білетіндей, бұл бағытты тарихты бес саусақтай білетін және географиядан хабардар адам ғана таңдайды. Демек, мектеп жасындағы балаларға басымдық берген жөн. Қуанышымызға орай, Петропавлда мұндай ұл-қыздар баршылық. Соның бірі – С.Мұқанов атындағы №32-ші орта мектебінің оқушысы Николай Попов.

НИКОЛАЙ ПОПОВ, С.Мұқанов атындағы №32 орта мектебінің оқушысы:

– Мен өзімнің сүйікті қалам – Петропавлдың тарихына қатты қызығамын. Жақында арнайы жоба дайындадым. Сонда облыс орталығының тарихын және болашағын қарастырдым. Петропавл – сауда-саттық жасауға өте ыңғайлы қала. Еліміз үшін экономикалық маңызы бар негізгі орталықтардың бірі десек те болады.

Николай Попов жобасын “Ботай” арт-галереясында өткен жиында көпшілікке таныстырды. Тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға, туризмді дамытуға негізделген шараға мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Ұйымдастырушылардың өзіндік көзқарасы бар. Олар сапар жасау арқылы өскелең ұрпақты салаға жақындатқысы келеді. Яғни, мамандарымыз киелі жерлерге табан тигізіп, балаларға мол мұрамызды, мүмкіндіктерімізді ұғындырмақ.

СӘБИНА АМИРОВА, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының орынбасары:

– Біз артымыздан ерген ұрпаққа еліміздің тарихи өлкелері, орындары жайлы айтып, елімізде туризмді дамыту үшін жұмыстар атқарудамыз. Осы жылы оқушылармен және студенттермен Жамбыл ауданына барамыз. Онда киелі жерлерді зерттейтін боламыз. Одан бөлек, тарихшы және географтармен бірге Бурабайдың жанындағы “Ботай” этномұражайына баруды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз де білесіздер, ол жерде тарихи дүниелер, орталықтар өте көп. Бұл жастар үшін маңызды шара болмақ.

Қоса кетейік, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 598 ескерткіш бар. Соның 9-ы республикалық маңызға ие.

 

Мәдина Қаби