Білімді жастардың сайысы. Бүгін Петропавлда “Worldskiils Kazakhstan-2025” чемпионатының аймақтық кезеңі бастау алды. Оған жергілікті 5 колледжден 50-ге жуық студент қатысуда. “Worldskiils” облыс орталығында осымен 10 жыл қатарынан өткізіліп отыр.
БАУЫРЖАН ЗЕЙНУЛЛИН, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:
– Облыстық білім басқармасы “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында ауқымды істер атқаруда. Мәселен, мамыр айында Петропавлда “Agroskiils” атты өңірлік чемпионат өткізуді жоспарлап отырмыз. Елімізде кадр мәселесі өзекті. Осы сияқты байқаулар мамандар санын арттырып, еңбек нарығында бәсеге қабілетті болуымызға зор септігін тигізеді.
Чемпионатқа қатысушылар 6 бағыт бойынша сынға түсіп жатыр. Олар: “Web технологиялар”, “Желілік және жүйелік әкімшілендіру”, “Мобильді қосымшалар әзірлеу”, “Бастауыш сыныптарды оқыту”, “Мектепке дейінгі тәрбиелеу” мен “Графикалық дизайн”. Соңғы аталған бағыт бойынша қазылар алқасының мүшесі Алтынай Жанбекова жастарға қандай талап қойылғанын айтып берді.
АЛТЫНАЙ ЖАНБЕКОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжі директорының орынбасары:
– “Графикалық дизайн” құзыреттілігі бойынша сынға түскен студенттер 3 тапсырма орындайтын болады. “Графикалық дизайн” дегеніміз – жалпақ тілмен айтқанда компьютерлік кескінге визуальды мазмұн беретін қолөнер.
“Worldskiils” – жастарға шабыт беріп, креативті идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін байқау. Сайыс заманауи техникалық білім беру сапасын арттыруға зор септігін тигізеді. Шараның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарын барынша насихаттау. Альбина Совет – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің 2-ші курс студенті. Нәзікжанды чемпионатқа бірінші рет қатысып отыр. Ол “Бастауыш сыныптарды оқыту” құзыреттілігі бойынша сынға түсуде.
АЛЬБИНА СОВЕТ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
– Бірінші кезеңде дайындап әкелген сабақ жоспарымды қорғайтын боламын. Сабақ жоспарымды қорғауға 15 минут беріледі. Сол уақыт ішінде мен сабағымды креативті қылып өткізуім керек.
Айта кету керек, сайыс жеңімпаздары күзде “Worldskiils Kazakhstan-2025” республикалық чемпионатында облыс намысын қорғайды.
Нұрасыл Ахмет