Биыл Халық қаһарманы, қазақтың күйші композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің дүниеге келгеніне – 100 жыл. Маңызды датаға орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада біртуар тұлғаны еске алу кеші өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Алдымен композитордың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды.
МАЙРА ӘШІМОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:
– Нұрғиса Тілендиев – дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген композитор.
Алматы өңірінің тумасы Нұрғиса Атабайұлы бар өмірін өнер саласына арнаған. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде бас дирижер болып, кейін “Отырар сазы” халық аспаптар оркестрін құрған.
ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, облыстың құрметті азаматы:
– Бұл кісі біраз күй жазған. Білетінім “Аққу”, “Сарыарқа” және тағы басқалары. Қазір барлығы есімде емес. Қанша қиындықтарға мойымай, еңбегінің арқасында оркестр құрған жан болған.
“Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” демекші, Нұрғиса Атабайұлы -қазақтың музыкалық мәдениниетіне күйші композитор, дирижер орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол ұрпаққа 500-ден астам музыкалық төл туындысын мұра қылып қалдырды. Соның бірі – көбіне танымал “Жекпе-жек” пен “Әлқисса” күйлері.
Өнер колледжінің “Күдер” домбырашылар ансамблінің мүшесі Айдана Омарова бұл күйлерді 1-ші курстан бері жақсы біледі екен. Сөзінше, Нұрғиса Тілендиевтің туындылары өзгелерінікіне қарағанда күрделі.
АЙДАНА ОМАРОВА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының студенті:
– Біз бұл күйлерді 4-5 жылдай білеміз. “Жекпе-жек” күйі жайында айтатын болсақ, ол “Қыз Жібек” киносында орындалады. Бұл күй техника жағынан қиындау.
Одан бөлек, композитор жайлы жазылған туындылар көрмеге қойылды.
Мәдина Қаби