Мамлют ауданында «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» байқауы өтті. “Туған жер – бірлік пен елдіктің бесігі” атты шараға ауданның түкпір-түкпірінен жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер келген. Өнерлі солтүстікқазақстандықтардың сайысы басталмас бұрын қазылар алқасы жергілікті ұлттардың салт-дәстүрімен, дастарханымен және ойындарымен танысып шықты.
САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, облыстық халық шығармашылығы мәдени-бос уақыт қызметі орталығы басшысының орынбасары:
– Байқау сәуірдің 1-і күні басталды. Ең бірінші Жамбыл ауданына бардық. Бүгін 5-ші ауданға келіп отырмыз.
Мамлюттіктер шеттерінен өнерлі. Бостандық ауылынан келген мына жандар халқымыздың әндерімен, асымен көпшілікті таң қалдырды. Қазақылықтың иісі аңқыған елдімекенде бірде-бір шара Гүлжан Мәнтаева бастаған топсыз өтпейді екен.
ГҮЛЖАН МӘНТАЕВА, байқауға қатысушы, Мамлют ауданы:
– Дәстүрімізді сақтаймыз. Наурызды жылда тойлаймыз. Ауылдың әжелері қатысты. Құндылығымызды жоғалтпау керек.
Ет асатылып, қымыз сапырылған мұндай байқауға үстіртін қарауға болмайды. Шара ұлттардың мол мұрасын көпшілікке паш етеді. Сонымен қатар, елдің бірлігін нығайтады. Біз білетіндей, Мамлют – көп ұлтты аудан. Мұнда әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құруы тиіс.
ГҮЛЖАН МӘНТАЕВА, байқауға қатысушы, Мамлют ауданы:
– Елдің бірлігі бірінші кезекте тұру керек. Бірлігіміз нығая берсін!
Жиналғандар ұлттық ойындарды қызыға тамашалады. Мына ойын татарларға жақсы таныс.
Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» байқауының өзіндік талабы бар. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, бірнеше тұлғаның мерейтойы, сонымен қатар, Республика күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл. Шығармашыл жандардың сайысында осылар көрініс табуы тиіс. Яғни, қатысушылар атаулы даталарға және қайраткерлерге байланысты нөмір әзірлейді.
САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, облыстық халық шығармашылығы мәдени-бос уақыт қызметі орталығы басшысының орынбасары:
– Бұл байқау 18-ші сәуір күні аяқталады. Мамыр айында үлкен концерт өтеді. Былтыр Есіл ауданы жеңіске жетті. Жеңімпазға “Газель” көлігі сыйға тартылды.
Мамыр айында Петропавлда өтетін облыстық кезеңге аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбатов қатыспақ.
Байболат Құлтанов