Өнеркәсіп

Биыл өңірдің туризм саласына қыруар қаржы құйылады

Биыл аққайыңдар өлкесінің экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай алға жылжуы тиіс. Әзірге, 3 айдың азды-көп қорытындысы дайын. Мәселен, алғашқы тоқсанда облыстың өңдеу өнеркәсібінде 22% өсім тіркелді. Сандарды салыстыру үшін былтырғы деректерден хабардар болған жөн. Бұл ретте статистиканы экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтан сұрадық.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Нақты өсім көрінеді. Өткен жылдың 12 айында басты көрсеткіш 120% құрады. Мал шаруашылығы 4,3% алға жылжыды, сүт өңдеу – 6%, жұмыртқа өндірісі 6,1% өсті.

Бүгінде жұртшылық облысымызды аграрлы ғана емес, индустриалды өңір ретінде біледі. Аймақта заманауи кәсіпорындардың саны артып жатыр. Қазынаға түсетін салық ұлғайды, еңбекпен қамтылған адамдардың да саны өсті. Сонымен қатар, қыруар қаржы тартылды.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Өнеркәсіп саласы жақсы дамып келе жатыр. Былтыр 15 инвестжоба жүзеге асты. Оның жалпы құны 33 млрд теңгені құрайды. Аймақтар бойынша айтсақ, біздің облыс алдыңғы қатардан көрінді.

Алдыңғы қатарға нық жайғасу үшін кенжелеп қалған тұстарға мән берген абзал. Облыста демалатын, аралайтын жерлер жетерлік. Алайда, келетін туристердің саны айтарлықтай көп емес. Демек, туризм саласы қолдауды қажет етеді.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Бізде туризм саласын дамыту қажет. Бұл салаға биылдан бастап қомақты инвестиция құйылады. Жоспар бар. Алдағы 2-3 жылда өзгеріс байқалады.

Туризм саласы демалыс орындарымен шектеліп қалмайды. Бұл бағытқа мықтап көңіл бөлінсе, өңірдегі жолдардың сапасы бірінші кезекте жақсарады.

 

Байболат Құлтанов