Қоғам

Астан-кестені шыққан көше

Парк көшесі, 187 мекенжайында орналасқан көпқабатты пәтер тұрғындарының маңайда құбыр жөндеген серіктестіктің жұмысына көңілдері толмайды. Олардың сөзінше, баспана жанындағы “Қарасай” стадионына жылу тартумен айналысқан мердігер айналаның барлығын күл-қоқысқа толтырып, көшенің астан-кестенін шығарған. Магистральды жаңарту үшін айналаны қазып тастапты. Арнамыздың түсірілім тобы оқиға орнына барып, тұрғындардың базынасын тыңдап қайтты. Шынымен, мұндағы ауыр техника езіп тастаған сүрлеу жолға қарап, бас шайқауға болады. Мұндағы көріністі көрсең, еріксіз еңсең түседі.

ДМИТРИЙ ХАЙРУЛИН, қала тұрғыны:

– Серіктестік жұмысты өткен жылдың желтоқсан айында аяқтады. Қыс кезінде жауған қардан, қатқан жолдан бізге еш нәрсе көрінбеді. Мердігер бізге көктем келісімен айналаны ретке келтіреміз деп уәде берген болатын. Бір жарым ай өтті. Еш өзгеріс жоқ. Көше бойымен серуендемек түгілі аяқ алып жүру қиындап кетті.

Тұрғындардың сөзінше, серіктестік жолды дұрыс тегістемеген. Жүріп келе жатып, мынадай шұңқырларға түсіп кетуге болады. Ал оның тереңдігі 2 метрді құрайды екен. Ересектер ойылған жерді көріп, айналып өтіп кетер. Бірақ, әлі оңы мен солын білмейтін жеткіншектердің қазылғанның ішіне түсіп кетуі әбден мүмкін. “Келеңсіз жайт орын алса кім жауап береді?”,- дейді Валентина Разумова.

ВАЛЕНТИНА РАЗУМОВА, қала тұрғыны:

– Көппәтерлі үйдің 2-ші қабатына дейін топырақ үйіліп тұрды. Техникалар жұмыс кезінде кейбір баспаналардың балкондарына зақым келтірді. Бізге ол шығынды кім өтеп береді? Мердігер бізбен тілдесу барысында көктемде айналаны гүлдей жайнатып қоямын деп айтқан болатын. Маңайды әсемдемей-ақ қойсын. Тек бұрынғы қалпына келтірсе болғаны.

Бұдан кейін біз “Қарасай” стадионына жылу тартумен айналысқан серіктестік директорына хабарластық. Ол бізбен тілдесуге өз келісімін берді. Бір қызығы, келесі күні мердігерден толық мән-жайды сұрауға барған кезде оқиға орнында ауыр техника жолды тегістеп, қызметкерлер маңайды тазалап жатты.

АНДРЕЙ СЕМАХИН, “ЛивКос-Север” ЖШС директоры:

– Жоспар бойынша мұндағы сүрлем жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстарын сәуірдің 25-іне дейін аяқтаймыз. Біз қардың толығымен еріп, жердің тұтас кепкенін күттік. Бірақ, тұрғындардың шағымынан кейін істі ерте бастадық. Қазылған жерлердің барлығын қиыршық таспен толтыратын боламыз.

Бұл хабарды тұрғындарға жеткіздік. Олар серіктестік директорының айтқаны құр уәде күйінде қалмаса болғаны дейді.

 

Нұрасыл Ахмет