Мәдениет

Жас домбырашылар арасында “Күй керуен” облыстық байқауы өтті

Бәсі биік додаға ақжарлық, қызылжарлық пен қалалық, уәлихандық және тайыншалық 40-тан астам өнерпаз қатысты. Ұл-қыздар кіші, орта және үлкен топқа бөлініп өнер көрсетеді. Сахнаға шығу кезегі жеребе бойынша анықталды.

Кіші топқа Құрманғазының “Балбырауын” және “Бозшолақ” атты қос күйін орындау алдын ала тапсырылған екен.

С.Шаймерденов атындағы қалалық класссикалық гимназияның 4-сынып оқушысы Асанәлі Базарбаевтың домбыра үйірмесіне барып жүргеніне 2 жылдай болған. 10-ға жуық күйді жатқа біледі. “Ойымдағыдай өнер көрсетпесем де бас жүлдеден үмітіміді үзбеймін”,- дейді талантты жас.

АСАНӘЛІ БАЗАРБАЕВ, байқауға қатысушы, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Менің ойымша, қазылар алқасына көрсеткен өнерім қатты ұнамады. Менің домбыраны таңдаған себебім, қазақ болғандықтан ұлттық аспабымызда ойнай білуіміз қажет.

Тұла бойыңа күш пен жігер сыйлайтын туындыларды орындау кейбіріне қиындық тудырса, Әлтәйір Абзакировқа оңай болған екен. Оның сөзінше, мұндай өнер оған аталарынан дарыған.

ӘЛТӘЙІР АБЗАКИРОВ, байқауға қатысушы, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Домбыраны ешқашан тастағым келмейді, маған домбыра тарта білу өнері атамнан қалған сияқты. Сайысқа 2-3 айдай дайындалдым. 20-дан астам күй білемін. Олар: “Адай”, “Балбырауын” және тағы басқалары.

Білім ұясындағы “Өнер” орталығының меңгерушісі Дәмеш Құрманкина осындай байқаулар өскелең ұрпақтың бойында ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыруға ықпал етеді.

ДӘМЕШ ҚҰРМАНКИНА, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясы “Өнер” орталығының меңгерушісі:

– Тұрғындардың, ата-аналардың домбыраға деген көзқарастары өте жақсы. Өнер орталығының атынан 17 оқушы қатысып отыр.

Сонымен, облыстық байқаудың бас жүлдесін Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқушысы Арслан Біркен жеңіп алды. Өнерлі жасқа 100 мың теңге табысталды, жүлделі орын алған өзге жеткіншектер де сыйсыз қалған жоқ.

 

Мәдина Қаби