Бұл – отандық “Қазбат” фильмінен алынған үзінді. Осыдан тура 6 жыл бұрын жарық көрген туындыда 1995 жылдың 7 сәуірінде Тәжік-Ауған шекарасында көзсіз ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгерлердің ерлігі паш етіледі. Бұл ешқашан ұмытылмайтын күн. Пшихавр шатқалында 17 сарбазымыз оққа ұшты. Олар жат жерде қару асынып, шабуыл жасамады, тек интернационалдық борыштарын орындады. Жаужүрек жігіттер аумақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етті, Ауған содырларына есірткі мен қару-жарақ өткізуге мүмкіндік бермеді.
Бүгін шатқалда шайқастың болғанына, 17 жігіттің жер жастанғанына тура – 30 жыл. Осыған орай батырлардың Петропавлдағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Тарихи деректерге сүйенсек, 93-99 жылдар аралығында еліміздің 2 мыңнан астам жауынгері мен офицері Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік міндеттерін орындады. Талай қиындықты, талай ұрысты бастан өткерді. Солардың бірі – Данияр Әлімжанов. Бүгінде Алматы қаласында тұратын жерлесіміз еске алу рәсіміне арнайы келіпті.
ДАНИЯР ӘЛІМЖАНОВ, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы:
– Шал ақын ауданы Жалтыр ауданынан боламын. 1995 жылдың мамырында әскерге әкетті. 1 жарым жылдан кейін Тәжік-Ауған шекарасына жіберді. Сонда интернационалдық борышымды өтедім. Ұрыс 15-20 минутқа созылады. Шабуылдар қайталанған кездер де болды. Көбінесе түнгі уақытта ұрысқа түстік.
Жат жерде қазақстандық жауынгерлер жаға жыртыспаған, барлығы тонның ішкі бауындай болыпты. Олар – нағыз достар. Бір-біріне құрметпей қарайды, үнемі амандық сұрасады.
АСЛАН РАМАЗАНОВ, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы:
– Бір анадан, бір әкеден туғандай жүрдік. Астық бөлісе іштік. Ротада 100 адам болдық. Қазір тығыз араласамыз. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес.
Аслан Рамазанов Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінде қызмет етеді. Сарбаздармен тікелей жұмыс істейтін азамат әр жауынгердің рухы болғанын қалайды. Сол үшін естеліктер мен ақыл-кеңесін жиі айтады.
АСЛАН РАМАЗАНОВ, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы:
– Қызмет алдында оқу тәртібі өтеді. Сонда ҰОС, Ауған соғысы және Тәжік-Ауған соғысы жайлы айтамыз. Сарбаздар тыңдайды. Сұрақтарын қояды, біз жауап береміз.
Еске алу рәсіміне өскелең ұрпақ қатысты. Олар Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыс туралы мол мағлұмат алды, батырларды көзбен көрді. Жалынды жастардың кейбірі өткенге үңіліп, шатқалдағы шайқас жайлы, сарбаздар жайлы толығырақ білуге ниетті.
ЕРБОЛАТ ЖҮСІП,«әл-Фараби» мектеп-лицейінің оқушысы:
– Осы маңда оқығандықтан бұл ескерткішті жиі көріп тұрамыз. Ескерткіштегі есімдерді оқимыз. Өзім осы соғыс жайлы, қатысқан сарбаздар туралы тағы да ақпарат алғым келеді. Бізге мұндай шаралар керек. Әр қазақтың баласы патриот болуы тиіс.
Еске алу рәсімінде Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылар марапатталды. Табысталғанды Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы жолдапты.
Шара соңында ән де шырқалды. Ортаға шыққан өнерпаздар патриоттық туындылар орындады.
Байболат Құлтанов