Облыс орталығында республикалық дебат турнирі өтті. Дәстүрлі дода теріскейде жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл өңірімізге 10-ға тарта облыстан 70-ке жуық пікірсайысшы келіпті.
РҮСТЕМ АРМАН, СҚО Жастар мәслихатының жобалық координаторы:
– Аталмыш іс-шараға 8 аймақтан пікірсайысшылар келді. Барлығының мақсаты – солтүстіктің төрінде жеңімпаз атану. Пікірсайыс жаһандық интеллектуалды заманда аса маңызды дер едім. Мұнда жастар сыни ойлау қабілеттерін дамытады. Енді осындай пікірсайыс турнирі сәуірдің 17-18 күндері орыс тілінде өтеді.
Дебат – сөздік қоры бай, терең білімді және ойын ашық жеткізе алатын адамдардың пікірсайыс алаңы. Бұл жерде арық айтып, семіз шыға алмаймыз. Нақты дерек-дәйек пен мысалдар ұсынылуы қажет. Республикалық турнирде өңірімізге қатысты мәселелер қаралды. Облысымыздың намысын 2 клуб қорғады.
АЛУА БЕКБАУЫЛОВА, дебат турнирінің ұйымдастырушысы:
– Петропавлдан 2 команда қатысады. Олар НЗМ-нің және қалалық классикалық гимназияның намысын қорғайды. Талқыланатын тақырып 15 минут бұрын беріледі. Ашушы және жабушы үкімет болады. Ашушылар мәселені бастайды, ал жабушы үкімет алаңды кеңейтеді, өз ойларын білдіреді. Әр спикерге 7 минуттан беріледі. 15 секунд қосымша беріледі.
Пікірсайыс көршілес облыстарда жоғары қарқынмен дамып келеді. Мысалы, іргедегі Қостанайда дебатшылар жетерлік. Олар Петропавлға бас жүлде үшін келіпті.
ИНДИРА АРТЫҚБАЙ, дебат турнирінің қатысушысы, Қостанай қаласы:
– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінен келіп тұрмыз. Апта сайын тренинг болады. Өзіміз сол жерде дайындаламыз. Қостанай облысында дебатшылар өте көп. 2 клуб құрылған. 100-ге жуық студет мүшелік етеді.
Турнир 2 күнге жалғасты. Білікті қазылар төрелік етіп, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Чемпион – “Қызылжар фракциясы” командасы. Оған павлодарлық және астаналық қос дебатшы мүшелік етті. Сөзге шешен жастар ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Байболат Құлтанов