Ұлы Жеңістің 80 жылдығы алыс емес. Қала тұрғындары Ғабит Мүсірепов көшесіндегі ескі зираттың аумағын қоқыстан тазартып, еске алу сенбілігін өткізді. Шараға Ауған және жергілікті соғыстар одағы мен Әйелдер күштері альянсының мүшелері атсалысты. Тазалық жұмыстарын өткізуге қажетті құрал-жабдықпен Қазақстан халық партиясының мүшелері қамтамасыз етті. “Сенбілік – тазалық шарасы ғана емес, ардагерлер жатқан жерлерді қураған шөптен арылту арқылы олардың ерлігіне тағзым білдіру”,- дейді ұйымдастырушылар.
АСҚАР ЖӘМЕНОВ, Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдары мен әскери қақтығыстарға қатысушылардың «Ардагерлер одағы» РҚБ СҚОФ төрағасы:
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, ардагерлеріміз жерленген зиратты өзіміздің күшімізбен жинауға келдік. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ешқашан ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да.
Сондай-ақ, университет студенттері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері де бұл сенбілікке бейжай қарамады. Ардагерлерге деген құрметін іспен дәлелдеген жастар майдангерлерді еске алып тұру – парызымыз деп біледі.
ДАНИЯЛ РАХМЕТ, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшесі:
– Сенбілікке Отанымыз бен бейбіт өмір үшін жанын қиған барлық жандардың рухын құрмет көрсету мақсатында қатысып жатырмын. Бұл жердің үнемі таза болуы үшін сенбіліктерді жиі өткізу керек деп ойлаймын.
Ескі зираттың аумағы көптен бері тазартылмаған. Ол қаланың ішінде орналасқандықтан, қоқыс көп жиналады. Енді қажырлы әрі үйлесімді жұмыстың арқасында мұнда тазалық пен тәртіп орнықты.
Севара Зияхан