НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Елімізде бұрын-соңды болмаған шара. Бүгін Петропавлда тұңғыш рет “Auyl Fest. Қаз шаруашылығы” атты халықаралық этнофестиваль өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және Мажарстан, Татарстаннан келген құс шаруашылығының білікті мамандары қатысты. Саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар күні бойы солтүстікқазақстандық еңбеккерлерге бар білгендерін үйрететін болады.
Айтулы шара “Ауыл” партиясының 25 жылдық мерейтойына арнап өткізіліп отыр. Басқосуға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен партия төрағасы Серік Егізбаев қатысты. Этнофестивальге арнайы келген қаз шаруашылығымен айналысатын шетелдік және қазақстандық мамандар теріскейліктерге арнап көрме ұйымдастырды. Өңір жетекшісі жиын басталмас бұрын еңбеккерлермен тілдесті. Кәсіптен нәсіп көріп отырған азаматтардан құс өсіру арқылы қалай қыруар қаржы табуға болатынын сұрады.
Фестиваль аясында шетелдік және жергілікті аспаздар арасында аспаздық байқау ұйымдастырылды. Сайыстың жүлде қоры да қомақты. Бармағынан бал тамған шеберлер қаз етінен жасалатын тағамдар дайындаған. Байқауға 20-ға жуық аспаз қатысты. Тағамдардың безендірілуі көздің жауын алады, дәмі тіл үйіреді. Сайысқа, тіпті, сонау Орталық Еуропада орналасқан Мажарстан елінен де мейман келген. Ол елімізге бірінші рет ат басын бұрған екен. Айта кету керек, байқауда Томаш Штиллер 2-ші орынға ие болды.
ТОМАШ ШТИЛЛЕР, байқауға қатысушы, Венгрия Республикасы:
– Қаздың төс етінен стейк жасадым. Қасына гарнир ретінде қырыққабат езбесін дайындадым. Көзге тартымды болып көрінуі үшін пармезан ірімшігін де қостым. Пайдалы әрі дәмді ас деп айта аламын. Аспаз болып жүргеніме 15 жыл болды. Қазақтарды қонақжай халық деп естуші едім. Бүгін көзім жетті. Солтүстікқазақстандықтар мені жылы қарсы алды.
Фестиваль аясында облысымыздың барлық аудан және ауылдық округ әкімдеріне арналған жиын өтті. Басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен және Татарстан мен Башқұртстаннан келген қаз шаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен азаматтар қатысты. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына аталған құс түрін өсірудің технологиясын үйретіп, табыстарын арттыру. Алқалы отырыс шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, елде бұрын-соңды болмаған айтулы шараны теріскейде өткізіп отырған “Ауыл” партиясына алғысын білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Аграрлық сектор – өңір экономикасының басты саласы.
Өңірде құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Облысымызда 9 құс фабрикасы бар. Өндіріс орындарында жыл сайын жарты миллиард жұмыртқа мен 8 мың тонна ет өндіріледі. Қазіргі таңда аймақта жылдық қуаттылығы 10 мың тонналық фабрика салынып жатыр. Айта кету керек, қаз өсіріп, табыс тапқысы келетін жандар “Ауыл аманаты” жобасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие ала алады.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары:
– Жасыратыны жоқ, жұмыстың жоқтығынан ауыл тұрғындары қалаға көшіп жатыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз “Қаз хабы” жобасын іске қостық. Игі бастама арқылы ауылдықтар айына 500 мың, тіпті, 1 млн теңгеге дейді табыс таба алады.
“Қаз өсіру – тиімді кәсіп. Бірақ, аталған құс шаруашылығы елімізде баяу дамып келе жатыр”,- дейді Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов. Халық қалаулысының сөзінше, істі дамудың даңғыл жолына түсіру үшін батыс Еуропа мен Азияның жетекші елдерінен үлгі алу керек.
ЕРБОЛАТ САУРЫҚОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақстанда қазіргі таңда 45 млн құс өсіріліп жатыр. Оның 1 пайызы ғана қаздарға тиесілі. Қаз өсіру кәсібін қолға алсақ, аз уақыттың ішінде мол табысқа кенелуге болады.
Этнофестиваль аясында теріскейлік тұрғындарға арналып жәрмеңке ұйымдастырылды. Мұнда ет, сүт өнімдері ортаға қойылып, қаздың балапаны 1500 теңгеден саудаланды. Кондитерлік тағамдар да сатылды. Әрбіреуінің бағасы дүкендегіден 15-20 пайызға арзан болды. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдына халық көптеп жиналды.
Содан соң жиылғандардың барлығы қалалық әкімдік алдындағы алаңға ат басын бұрды.
Орталық алаңға жиналған жұртшылықтың көбі қаз жарысын асыға күтті. Балпаң басқан құстар жүгіргенде адамдардан кем түспейді. Аталған сайыс фестивальдің көркін қыздырды. Қатысушы құстардың арасында жүйріктері де, жолынан шатасып, белгіленген межеге жете алмағандары да болды. Ұйымдастырушылардң айтуынша, осындай жарыстар кез келген мерекенің сәнін келтіретіні сөзсіз.
ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, “Ауыл” партиясы СҚОФ жанындағы “Ауыл жастары” ЖҚ жетекшісі:
– Жарысты халықтың көңіл күйін көтеру мақсатында ұйымдастырдық. Сайыста жеңімпаз атанған қаздың иесі 75 мың теңгеге ие болады. Жарысқа қатысқан әр қаздың иесіне 10 мың теңге ынталандыру сыйлығын береміз.
Жарыстың қорытындысы бойынша “Ахиллес” есімді қаз жеңіске жетті. Құстың иесі – Бескөл ауылының тұрғыны Айтқали Нұрғиса.
АЙТҚАЛИ НҰРҒИСА, Бескөл ауылының тұрғыны:
– Қазымды 1 апта бойы жүгіртіп дайындадым. Үйде 18 қазым бар. Табиғи жолмен жұмыртқа бастырамын.
“Ауыл” партиясының 25 жылдығына арналған шарада түрлі ұлттық ойындар ойнатылды. Сайыстарға қатысып, жүлделі орынға ие болғандарға қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды. Этнофестиваль нағыз мереке алаңына айналды.
Нұрасыл Ахмет