Бүгін облыстық прокуратура өкілдері тілшілерге арнап жиын өткізді. Күн тәртібінде талқыланған мәселе – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс. Басқосуда алғаш болып сөз сөйлеген өңір прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттардың сөзінше, биыл облыста 13 буллинг фактісі тіркелген. Бұл статистика былтырғыға қарағанда 50 пайызға көп.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
– Мектеп ішіндегі әлімжеттік оқиғаларын құқық қорғау органдарына хабарламағандары үшін 3 мектеп директоры мен 1 мұғалім әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыстық прокуратура өкілдері биыл тыйым салынған 27 интернет-контент пен бір “Telegram” каналды бұғаттады. Олар балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Суицидке әкеп соқтыратын сайттар десем де болады. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де атқаратын жұмыстар баршылық.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов биыл Петропавлда мектепте “Protector AI” атты бейнеталдау жасайтын жүйе іске қосылғанын айтты. Бұл жоба еліміз бойынша алғаш рет біздің өңірде қолға алынған. Толығырақ тоқталсақ, егер балалар агрессивті мінез-құлық танытса, яғни төбелессе, жүйе бірден мекеме директорының телефонына бейнеролик жібереді. Бұл білім ұяларындағы әлімжеттіктің алдын алуға зор септігін тигізеді.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– 2023 жылдан бастап өңірде 15 мың мектеп оқушысы психологтар мен құқық қорғау органдары өкілдерінен консультативтік көмек алды. Биыл облыста ата-аналарға арналған 30-ға жуық семинар өтті. Мұның барлығы буллингтің алдын алуға бағытталған.
Соңғы жылдары облыстық прокуратура мен білім басқармасы тығыз байланыста. Бірлескен жұмыстың арқасында мамандар буллингтің алдын алудың жаңа тәсілін ойлап тапқан.
Бұдан былай жаңа бастырылған кітаптарға QR-кодтар бекітілетін болады. Яғни, ата-аналар мен оқушылар оны сканерлеу арқылы өздерінің арыз-шағымдарын қадағалау органына жолдай алады.
Нұрасыл Ахмет