Мәдениет

Ринат Салаватов: Өнер адамы үйренуден жалықпауы қажет

Петропавлға ҚР мен РФ Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, дирижер Ринат Салаватов келді. Ол бүгін Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенттерімен кездесіп, музыканың қыр-сырын үйретті. Ол ең алдымен ұл-қыздардың қабілетін байқау үшін хорда ән айтқызды. Қателіктерін көріп, ескерту жасады.

Ринат Салаватов – әлемге танымал білікті дирижердің бірі. Ол бір емес, бірнеше адамнан тұратын оркестрге жетекшілік етеді. Әр нотаны тыңдарманның жүрегіне жеткізу – осы адамның міндеті. Яғни, шығарманың халықтың көңілінен шығуына себепші сахна саңлағы десек болады.

РИНАТ САЛАВАТОВ, ҚР мен РФ Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

– Біліктілігімнің арқасында бүкіл Еуропаны араладым. АҚШ-та үш рет өнер көрсеттім. “Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ” деп айта аламын. Әрине, таяқшамен немесе қолмен түгел оркестрді, хорды өзіңе қарату оңай емес. Көп дайындалу керек. Нотаны түсініп, жан-тәніңмен ұғыну қажет. Өнер адамы үйренуден, ізденуден жалықпаса ғана зор жетістіктерге жете алады.

Студенттер білікті азаматтың айтқандарын ұйып тыңдады. Әлемге танымал дирижердан алған тәлім болашақта ұл-қыздарға зор жетістіктерге жетуге септеседі. Мүмкін, мына қыз-жігіттердің арасынан Ринат Салаватұлы сияқты мәдениет саласының үздіктері шығуы ғажап емес.

ӘЙГЕРІМ ҚАББАС, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының студенті:

– Хорда ән айтып жүргеніме 4 жыл болды. Хорда 4 дауысқа бөлінеміз. Олар: альт, сопрано, тенор, бас.

Ринат Салаватов сәуірдің 7-сі күні облыс орталығында өнер көрсететін болады. Мына ұл-қыздар сол концертте әйгілі дирижердің сүйемелдеуімен ән шырқамақ.

 

Нұрасыл Ахмет