Қоғам

Қызылжар ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шахмат клубы ашылды

Бүгін мына жандар үшін үлкен мереке деп айтсақ болады. Себебі, Бескөл ауылында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шахмат клубы ашылды. Татьяна Семенова – Вагулино ауылының тұрғыны. Нәзікжанды жарымжан тұрғындар да назарсыз қалмай, әкімдік тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанына дән риза. Ол аудан орталығында тұрмаса да күнде шахмат ойнауға келіп тұрамын дейді.

ТАТЬЯНА СЕМЕНОВА, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бескөлде шахмат клубының ашылғанына аудандағы барлық мүмкіндігі шектеулі жандар риза деп ойлаймын. Шынымды айтсам, үйде отырып ішім пысады. Өміріме оң өзгерістер енгізгім келеді. Бұдан былай ақыл-ой спортымен тұрақты түрде айналысып, жарыстарға қатысқым келеді.

Жасыратыны жоқ, мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі өздерін қоғамнан тысқары санайды. Игі бастаманың арқасында тағдырдың тәлкегіне түскен жандар бос уақыттарын тиімді өткізіп, жаңа достар табатыны сөзсіз.

МАРАТ НОБАЕВ, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ Қызылжар ауданы бойынша филиалының төрағасы:

– Осыдан 1,5 жыл бұрын біз зағип жандарға арналған спорт орталығын ашқан болатынбыз. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар теннис, дойбы және аэрохоккеймен айналыса алады. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта тағдырдың тәлкегіне түскен азамат-азаматшалардың ынта-жігерін арттыруға арналған түрлі жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Айта кету керек, шахмат клубы жұмыс күндері сағат таңғы 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

Нұрасыл Ахмет