Қоғам

Қос көршінің дауы

Ортақ тіл таппаған қос көршінің атарға оғы жоқ. Виктор Лазарев пен Алексей Янның арасында қара мысықтың жүгіріп өткеніне біраз болған. Осында өмір бақи тұрып келе жатқан Виктор Андреевич көршісінің әрекетін 2 жыл бұрын үй сала бастағанда жақтырмапты. Айтуынша, жаңа қоныс иесінің баспанасы тым жақын орналасқан.

ВИКТОР ЛАЗАРЕВ, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Бұл мәселемен күресіп келе жатқаныма 2 жыл болды. Қоршауым құлағалы тұр. Оның төбесінен түскен қар менің есігімнің алдына келіп құлайды. Барлығын тазалайтын денсаулығым да қалмады. Не істегісі келсе, соны істеуде. Қаншама рет түсіндіріп айттым, ұғатын ол жоқ. Айтып әбден шаршадым.

Ал жаңа қоныстың иесі Алексей Яннің айтуынша мәселе үйде емес, жеке өзімді жақтырмауда дейді.

АЛЕКСЕЙ ЯН, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Үйдің құрылысын 2022 жылы бастадым. Содан бері арамызда түсініспеушіліктер басталды. Маған келіп жиі қорқытады. Бұл жерге ештеңе салма деген сияқты қоқан-лоқы көрсетеді. Бірнеше рет әкімдік өкілдерін, полицейлерді шақырып, тынышымды қашырды.

Қос көршінің арасында туындаған дау-жанжал жайында жергілікті құзырлы органдар хабардар.

АСАН САСЫКОВ, Есіл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– 2021 жылы заң бойынша Алексей Петровичке Явленка ауылының Позолотин көшесі, 50/1 мекенжайы бойынша тұрғын үй және шаруашылық құрылыстарын салуға рұқсат берілді. Жер учаскесі жеке меншікте, сондай-ақ, өтініш беруші қолданыстағы құрылыс нормаларымен расталған нобайлық жоба әзірледі. Ешқандай бұзушылықтар байқалмайды, ТҮКШ, прокуратура тарапынан тексерулер жүргізілді.

Ортақ тіл таппаған қос көрші әділдік іздеп енді сотқа жүгінбекші.

 

Мәдина Қаби