Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі статистикадан 12 жағдайға көп. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, олардың 16-сы – денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу фактілері. Бұл баптар 2024 жылдың маусым айында әкімшілік кодекстен қылмыстық заңнамаға ауыстырылған. Осыған байланысты қылмыстар санының формалды өсуі байқалады. Дегенмен, жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, жалпы тұрмыстық құқықбұзушылықтар саны азаюда. Өткен жылдың бірінші тоқсанында 700-ден астам құқықбұзушылық тіркелсе, биыл 600-ден астам факті анықталған.
ҚОРҒАНБЕК ЖҮСІПОВ, СҚО ПД ЖПҚБ тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы:
– ҚР Президетінің тапсырмасы бойынша ІІМ жүйесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөліністер құрылды. ІІМ жүйесінде мұндай бөліністер құру жәбірленушілерді қорғау деңгейін көтеріп қана қоймай, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті тудырады. Бұл қауіпсіз және әділ қоғам құрудағы маңызды қадам болады.
Полиция қызметкерлерінің ұсынысы бойынша облыс соттары 376 құқықбұзушыға ерекше талаптар қойған. Олардың барлығына алкоголь тұтынуға тыйым салынған.
ҚОРҒАНБЕК ЖҮСІПОВ, СҚО ПД ЖПҚБ тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы:
– Ағымдағы жылдың басынан бастап отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 73-бабы бойынша 660 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 910 қорғау нұсқамасы шығарылды. ІІО өтінішхаты бойынша, құқық бұзушылардың мінез-құлқына 376 ерекше талаптар белгіленді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 12 әйел баспанаға орналастырылды.
Құқық қорғау органдарының мамандары тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында есепке алынған отбасыларды тұрақты түрде тексеріп отырады. Полиция қызметкерлері шақыртуларға жедел әрекет етіп, тұрғындарға заң талаптарын түсіндіреді және тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жапа шеккен жандарға көмек көрсету механизмдері туралы ақпарат береді.
Данаш Хамза