Қазақстан халқы Ассамблеясында өткен дөңгелек үстел жиыны барысында VI Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер талқыға салынды. Жиында ұлттық бірегейлік, әлеуметтік-экономикалық даму, экология, өңірлердің дамуы, геосаяси тәуекелдер және жастардың болашағы сияқты маңызды тақырыптар қозғалды.
СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
– Мен инфрақұрылымдық даму, өңірлердің дамуы және геосаяси ахуал мен Президент айтқан тәуекелдер туралы аздап айтамын. Біздің мақсатты аудитория – жастар. Президент кәсіптік бағдар беру мәселесіне көп тоқталды, бұл бағытта жұмысты күшейту керектігін айтты. Себебі, орта және жоғары арнаулы білім тек уақыт өткізу емес, адамның жеке дамуы мен болашақ мансабы үшін пайдалы әрі маңызды болуы тиіс.
Қоғамдық ұйымдардың өкілдері жастар бастамаларын қолдауды басты бағыт ретінде атап өтіп, өңірлерді дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша мүмкіндіктер қажет екенін жеткізді. Олар құрылтайды жастардың ұсыныстары мен идеяларын ортаға салатын маңызды алаң деп бағалады.
БАҒДАТ МҰҚАНОВА, СҚО ІСБ бөлім басшысы:
– Біздің қоғамымыз еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардан тұрады, олар ортақ құндылықтар негізінде біріккен. Бұл құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, біздің санамызда терең тамыр жаяды. Ата-бабаларымыз қалдырған асыл мұра бүгінгі таңда әділ мемлекеттің бейнесінде өмір сүріп, оны айқындайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейліктің тағы бір көрінісі.
Дөңгелек үстел жиынының қорытындысы бойынша қатысушылар тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңестерге жіберілетін ұсыныстар әзірледі.
“Қызылжар” телеарнасы