Білім

Қызылжар ауданында жүзден аса оқушысы бар орта мектеп жабылды

Петропавлдан таяқ тастам жерде тұрған Белое ауылының балалары оқу жылын өздерінің мектептерінде аяқтамайды. Сонау 1964 жылы негізі қаланған білім ұясы жақында жұмысын тоқтатты. Нысан әбден ескірген. Дәл төртінші тоқсан басталар шақта сыныптардың бірінің төбесі сыр беріпті.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Осыдан 3 жыл бұрын бұл мектепте техникалық сараптама жүргізілді. “Апатты емес” деген қорытынды алдық. Бірақ, осы жылдың наурыз айында тарих кабинетінің төбесі қисайып кетті.

Енді Белое ауылының балалары көрші Пеньково орта мектебінде оқиды. 110 оқушыны арнайы бөлінген 3 автобус күнделікті тасымақ. Сонымен қатар, ұстаздар да тегін қатынайды. Қос оқу ұясының сыныптары біріктірілмейді. Балалар 2 ауысым бойынша білім алады.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Оқу процесі екінші ауысымда жүргізілетін болады. Ата-аналардың келісімі бар. Тамақтану үзілмейді.

Әлі Белое орта мектебіне қатысты нақты дерек жоқ. Қазір арнайы мамандар 61 жылдық тарихы бар ғимаратты жан-жақты тексеріп жатыр.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Біз қазір арнайы серіктестікпен сараптама жүргізіп жатырмыз. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.

Ауыл тұрғындары адам саны жылдан-жылға артып жатқан Белоеға жаңа мектеп салынғанын қалайды. Олар бұйымтайларын бұған дейін аудандық әкімдікке білдірген.

СВЕТЛАНА АРИФУЛИНА, Белое ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мектеп салу жайлы әңгіме бұған дейін сан мәрте көтерілді. Алайда, сүйінші сұрар жаңалық әлі құлағымызға жеткен жоқ. Жауаптылар тек уәдемен шектеледі. Белоеға жақсы білім ұясы керек. Ішінде түрлі үйірмелер, асхана болғаны жөн. Мына ғимаратты жөндеу тиімсіз деп санаймын. Бұл – менің ғана емес, көпшіліктің тілегі.

Туындаған мәселеге қатысты Қызылжар аудандық әкімдігіне хабарластық. Билік тарапынан құрылыс жүргізу үшін жер телімі бөлініпті. Бұқара көп ұзамай сол алаңда тірлік басталғанын қалайды.

 

Байболат Құлтанов