Аманаттықтарды тағдырдың тәлкегіне түскен балалардың жағдайы алаңдатады. Депутаттар Петропавлда орналасқан мектептердегі инклюзивті білім беретін сыныптарға айына кемінде екі рет барып, мониторинг жүргізеді. Себебі, ерекше ұл-қыздарға бар жағдай жасалып, жұрт қатарлы білім алуы тиіс. Бүгін белсенділер қалалық №42 мектебіндегі ресурстық орталықта болды. Бұл жерде дамуы кенжелеген 44 жеткіншек тәлім алады.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:
– Петропавлда ерекше балаларға арналған 9 орталық бар. Аманаттықтар жыл басынан бері инклюзивті білім беретін сыныптардың барлығын аралап шықты. Біздің міндетіміз – аталған нысандардың жай-күйімен танысу. Оның аумағы, жарақталуы, тиісті оқыту құралдарымен қамтылуы және мамандардың жеткілікті болуына назар аударамыз. Әрине, кейбір орталықтарда кемшіліктер бар. Алдағы уақытта біз анықталған мәселелермен жұмыс істейтін боламыз.
Орталық мамандарының арқалаған жүгі ауыр. Ерекше балаларға әріпті анық айтуды, сөйлеуді үйрету, ойлау қабілетін дамыту және тұйық жеткіншектерді ортаға бейімдеу оңай емес. “Бірақ, біздің арқамызда ұл-қыздар жұрт қатарлы мектепке барса, біздің басты жетістігіміз сол болар еді дейді”, – орталық қызметкерлері.
ВИКТОРИЯ КОСЕНКО, қалалық №42 орта мектебіндегі ерекше балаларға арналған түзету кабинетінің методисі:
– Орталық өткен жылдың қазан айында ашылды. Ерекше балаларға білікті мамандар тәлім береді. Жеткіншектермен логопед, психолог, дефектологтар жұмыс істейді. Біз ұл-қыздардың ата-аналарымен тығыз байланыстамыз. Оларға үйде балалармен қандай қарым-қатынаста болу керектігін айтамыз. Екі жақтан еңбек етсек, жеткіншектердің бойында оң өзгерістер пайда болады.
Содан соң депутаттар қалалық №2 психология- педагогикалық түзету кабинетіне бас сұқты. Мониторингілік топ балаларға жасалған жағдаймен танысты. Әдістемелік құралдарды, іс-қимыл кезінде қолданылатын заттарды көрді, күнделікті әдіс-тәсілдерді сұрады.
АЯГҮЛ АЛҒЫБАЙ, қалалық №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің арнайы педагогы:
– Әртүрлі бұзылыстағы 20 балаға білім беремін. Арнайы кабинет дидактикалық-әдістемелік материалдармен толық қамтылған.
Арнайы кабинет 2016 жылы ашылған. 9 жылдың ішінде 1500-ден астам бала білім алыпты. Мұнда қазіргі таңда 10 білікті маман дамуы кенжелеген жеткіншектерге білім береді.
РИТА ҒАЛИЕВА, қалалық №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жетекшісі:
– Арнайы кабинетте 18 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетіледі. Мамандарымыздың арқасында сөйлемейтін балалар сөйлеп, әріп танымайтын жеткіншектер кітапты зуылдатып оқитын деңгейге жетті. Кейбірінің оқу үлгерімдері жақсарды. Әрине, жұмысымыз оңай емес. Біраз күшті талап етеді. Бірақ, біз жеткіншектерді оқытудан ешқашан шаршамаймыз.
Аталған мекемеде балалар тегін білім алады. Мониторинг барысында аманаттықтар мамандарға керек болған жағдайда қолдан келген көмекті аямайтынын жеткізді.
Нұрасыл Ахмет