Қоғам

Есілдіктер майдангерлер жерленген зиратты ретке келтірді

“Таза Қазақстан” эконауқаны аясында Есіл ауданының орталығында ауыл тұрғындары ауқымды бейсенбілік өткізді. Шара Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылды. Алдымен тұрғындар дене шынықтыру-сауықтыру кешені орталығының алдына жиылып, аудан әкімі Мереке Мұхамедияровтың сөзін тыңдады.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Осы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бүгін соған орай ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері жерленген жерді абаттандыруды бастаймыз. Бұл – жеңіс сыйлаған жандарға деген сыйластығымыздың белгісі.

Явленкалықтар бетке алған православ зиратының бір ғасырға жуық тарихы бар. Мұнда 150-ге тарта майдангер жерленген.

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Қазір барлығы бір адамдай жұмылып, зираттың ішін қоқыстан тазартуда. Бұл жердің тазаланбағанына шамамен 10 жылдай болған. Қоқыс өте көп.

Зираттың ішінде бөтелке, қағаз, бейіттің басына қойылған гүлдер шашылып жатыр. Бұның барлығын жинамаса, аумақ қоқыс алаңына айналатын түрі бар. Қолға күрек пен тырма ұстап, тер төгіп жүргендердің бірі – аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сергей Корнев. Қарияның мұнда әкесінің ағасы жерленген.

СЕРГЕЙ КОРНЕВ, Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Зиратта ағам жатыр. Ол осыдан 20 жыл бұрын дүниеден өтті. Қасына өзінің жары да қойылды. Ата-аналар күні әрдайым келіп, маңайын жинап кетемін. Жеңіс күні гүл шоғын әкелеміз. Ағамды батыр ретінде құрметтеймін. Ол Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін болған, Германияға дейін жеткен. Біз өмірден озған майдангерлерді үнемі еске алып отыруымыз қажет.

Аға буын өкілдерінен құралған ардагерлер кеңесі атынан шараға 10-ға жуық адам қатысты. “Жастар бүгінгі игі ісімізден үлгі алса екен”,- дейді олар. Жұмысқа 8 техника жұмылдырылған. Ал тұрғындар бейсенбілік болатынын естіп, өз еріктерімен шығыпты.

Зираттың неге мұндай жағдайға түскенін сұрастырдық. Марқұмдардың туысқандары, жақындары қалаға көшіп, жан-жаққа тарап кеткен. Яғни, бейіт маңайын жиі тазалайтындардың саны азайған.

ОЛЬГА ОГИЙ, Явленка ауылының тұрғыны:

– Барлығымыз бейіт басына келіп, маңайды қоқыстан арылтудамыз. Бұл жерге тұрақты түрде көп адам келе қоймайды. Халықтың біразы көшті, бақилық болды. Сонымен қатар, ауылдың шетінде тағы бір зират бар. Марқұм болған жандар соңғы уақытта сол аумаққа қойылып жатыр.

Акция бүгін ғана өтпейді. Есілдіктер күн сайын бас қосып, тер төкпек. Мақсат – Жеңіс күніне дейін төңіректі тазалау. Сонымен қатар, белсенділер зираттың сыртына қоршау орнатқысы келеді.

 

Мәдина Қаби