Қоғам

Батпаққа батқан көше

Бұл – Жұмысшы кентіндегі 4-ші Шмидт өтпе жолы. Қазір қалалықтардың біразы жазғы аяқ киіммен жүрсе, мұндағы тұрғындар әлі резеңке етіктерін шешпеген. Көшедегі көріністі көрсең, еріксіз еңсең түседі. Батпақ басқан төңірекке арна тілшілері бекерден-бекер барған жоқ. Жергілікті тұрғындар редакцияға хабарласып, көмек сұрады. Иван мен Марина Максимкиндердің 5 баласы бар. Оның 3-еуі мектепке барады. Ерлі-зайыптының сөзінше, саздың салдарынан ұл-қыздарының сабақ босатқан күндері болыпты.

“Жығылғанға жұдырық” демекші, таяуда көше бойымен өтетін қоғамдық көліктің жүру бағыты да өзгеріпті. Енді тұрғындар орталыққа жету үшін Караванная көшесіндегі аялдамаға барады екен. Ол 1 шақырым жерде орналасқан.

МАРИНА ЗОЛОТУХИНА, қала тұрғыны:

– Өзімнен бұрын балаларыма қатты алаңдаймын. Олар мектепке бара жатып, батпаққа құлаған күндер де болды. Жергілікті әкімдікке хабарластық. Жыл сайын уәде береді. Шынымды айтсам, не істерімізді білмеймін. Бұл жерден көшсек қана жанымыз тынышталатын шығар.

Тұрғындардың тағы бір бас қайғысы – көше жарығы. Бағандардағы шамдар құр ілініп тұр. Кештен таңға дейін тас қараңғы болады екен. “Сонда үйге ұры түсе ме деп алаңдаймыз”,- дейді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған қалалықтар.

ВАЛЕНТИНА КУРГАНОВА, қала тұрғыны:

– Кенттегі өзге көшелерге қарасаң, жарқырап тұрады. Қызыға да, қызғана қараймыз. Бұл мәселені жергілікті әкімдік өкілдеріне айтып жүргенімізге екі жыл болды. Еш өзгеріс жоқ. Шынымды айтсам, кешке қарай далаға шығып, серуендегім келеді. Бірақ, құлап қаламын деп қорқамын.

Тұрғындардың базынасы бойынша қалалық әкімдікке хабарласып, мәселелерді жеткіздік. Жауаптылар жауаптан қашпады.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– 2025 жылдың жаз айларында аталған көше бойындағы жолға тас төселіп, тегістеледі. Ондаған бағанға жаңадан жарық шамы орнатылатын болады. Қоғамдық көліктің жүру бағытының өзгеруі – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім.

Бұл хабарды үміт отын өшірмеген жерлестерімізге жеткіздік. Олар айтылғанның барлығы уәде күйінде қалмаса игі болар еді дейді.

 

Нұрасыл Ахмет