Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Бизнеске жол» жобасын сәтті іске асыруда. Оның аясында кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер шешімін табады. Іскер жандардың арасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де бар.
АЛМАТ МЫРЗАЛИЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Біраз проблема бар. Ауыл шаруашылығындағы мәселелердің кейбірі министрлік деңгейінде шешіледі. Біз жинақталған сұрақтарды Агенттікке жеткіземіз.
Бірде-бір мәселе жерде қалмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әр базынаны қарауға дайын. Жергілікті департамент қабырғасында өткен жиында басқарма басшысы Марат Ахметов осындай мәлімдеме жасады. Басқосуға облыстың ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысы бар атқамінерлер шақырылған.
МАРАТ АХМЕТОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:
– «Бизнеске жол» жобасы бастау алғалы өңірде 11 мәселе шешімін тапты. 120-дан аса диқанның құқығы қорғалды. Біз облыстың аудандарына шығып тұрамыз. Кәсіпкерлермен кездесеміз, оларды толғандырған түйткілдермен танысамыз. Сонымен қатар, жергілікті Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, сарапшылар пұлын құрдық. Арнайы тартылған мамандар проблемаларды анықтау, қарау және шешумен айналысады.
Кәсіпкерлерді толғандырған қандай мәселелер шешімін тапты? Диқандарға сапалы жанар-жағармай кедергісіз жететін болады. Ал бұрын талапқа сай келмейтін дизель отыны бөлініпті.
АЛМАТ МЫРЗАЛИЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Біздің аумаққа Атырау зауытынан жанар-жағармай бөлініп келген. Ол біздің өңірге жарамайды. Қатып қалатын қасиеті бар. Біз бұл мәселені министрлікке жеткіздік. Енді өңірге жанар-жағармай Павлодар зауытынан келеді.
Тағы бір мәселе – субсидия бөлу. Департамент осы тұсқа да ерекше күш салған. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық белгілері бар тәуекелдер анықталыпты. Бірден жауапты органдарға бармақ басты, көз қыстылық белгілерін жою бойынша ұсыныс тасталған.
Байболат Құлтанов