ТЖ

СҚО-да соңғы 10 күнде 4 автожолды су басты

Тұрғындар былтырғы апаттың қайталанғанын қаламайды. Бірақ, бәрі адамның қолында емес. Өңірде соңғы 10 күннің ішінде 4 автожолды су басқан. Жайсыз жайттар Петропавл қаласында, Ақжар, Айыртау, Шал ақын аудандарында тіркелді. Соңғы екеуінде жағдайдың ушыққаны соншалық көлік қозғалысы уақытша шектелген.

ВЛАДИМИР ХУТИНАЕВ, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел ден қою орталығының бастығы:

– Қызыл су алдағы 2-3 күнде облыс орталығына жетеді. Өңірімізде былтырғыдай тасқын болмайды. Бірақ, “Сақтықта қорлық жоқ” деп бекерден-бекер айтылмаған. Біз жергілікті әкімдік өкілдерімен бірге апат болуы мүмкін ықшам аудандар мен саяжайлардың тұрғындарымен сөйлестік. Жағдайды жіті түсіндіріп, Петропавлдағы эвакопункттерге көшулерін сұрадық.

Облыста тасқынның алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілді деп айтуға толық негіз бар. Петропавлдық құтқарушылар өңіріміздің 7 ауданына барып, 2 аптаға жуық аянбай еңбек етті. Білікті мамандар 50 учаскеде мұз жару жұмыстарын жүргізген.

ВЛАДИМИР ХУТИНАЕВ, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел ден қою орталығының бастығы:

– Петропавлдық құтқарушылар өңір аудандарында арық тазалау, су сору жұмыстарымен де айналысты. Тұрғындарымен кездесіп, болуы мүмкін тасқын жайында мол ақпар берді. Тағы айтарым, қазіргі таңда ТЖМ-ға қарасты қарағандылық және алматылық әскери бөлімдердің сарбаздары Қызылжар ауданында еңбек етіп жатыр. Тепсе темір үзетін жігіттердің саны 100-ге жуықтайды. Олар өздерімен бірге 9 тегеурінді техника алып келді.

Владимир Хутинаевтің сөзінше, облыстағы тасқынға қатысты жағдай тұрақты. “Бірақ, әлі арқаны кеңге салуға болмайды” деп түйіндеді маман.

 

Нұрасыл Ахмет