Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экологиялық акция жалғасып жатыр. Жұртшылықтың кең қолдауына ие болған жоба жайлы жақында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында да айтылды. Акция аясында наурыздың 29-ы күні Петропавлда биылғы көктемдегі алғашқы жалпықалалық сенбілік өтті. Оған шаһардың мыңдаған тұрғыны қатысып, әр ауданда білек сыбана жұмыс істеді. Белсенділердің бір тобы таңдаған жер – академик Евней Бөкетовтың ескерткіші орналасқан саябақ.
ӘДІЛХАН ТӨЛЕПБЕРГЕН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі басқарма мүшесі:
– Студенттерге Бөкетов жақсы таныс. Ол кісі ғылыммен айналысқан, биыл туғанына 100 жыл толып отыр.
Қолдарына тырма ұстаған жастар жердегі шөп, жапырақ пен бұталарды жинап, қаптарды толтырды. Мұндай іс-шаралар жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастырады, оқытушылар мен студенттер арасындағы сенімді қарым-қатынасты да нығайтады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп бекер айтылмаған. Жалынды қыз-жігіттер аз уақыттың ішінде атақты академикке құрмет көрсетілетін саябаққа жан бітірді.
САНЖАН НҰРМҰХАНБЕТ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
– Өзіміздің факультетпен сенбілікке шықтық. Бұл біз үшін өте маңызды шара деп білеміз. Агрономдар, технологтар, зоотехниктер қатысып жатыр.
Ал, бұл – Петропавлдың Киров зауыты орналасқан ауданы. Мұнда да жерлестеріміз білек біріктіре тер төкті. Жалпы, қаладағы сенбілікке мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, ардагерлер, еріктілер, жастар, кәсіпорын өкілдері, сондай-ақ көппәтерлі және жеке меншік үйлердің тұрғындары белсене қатысты.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– «Таза Қазақстан» жобасына немқұрайлы қарай алмаймыз. Бүгін жастар ресурстық орталығының, ішкі саясат бөлімінің өкілдері, волонтерлар таңнан бері шаһарды тазалауға үлес қосуда. Шуақты көктемнің, жаймашуақ жаздың алдында сүйікті қаламызды көрікті етейік! Мен барлық солтүстікқазақстандықты қатарымызға қосылуға шақырамын!
Наурыздың 29-шы жұлдызында облысымыздың аудандарында да сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» жобасы 15 мыңнан астам солтүстікқазақстандықты біріктірді. Жерлестеріміздің бірлескен күш-жігерінің арқасында 74 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Игі шара өңірімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.
Байболат Құлтанов