Қоғам

Мемлекеттік қызметтегі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Өңірде мемлекеттік қызметші тапшы. Бүгінде салаға облыс бойынша 3 жарым мыңнан астам маман қажет. Осы орайда бүгін қалада бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Полиция департаментінің өзінде 350 орын бос болса, соның 30-ға жуығы – мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 2-ші полиция бөлімінде. Айта кетейік, мұндағы мамандар қолдарына кемінде 170 мың теңге алады.

ӘСЕТ ТІЛЕУЛИН, СҚО МКҚБ 2-ші полиция бөлімі командирінің орынбасары:

– Бізде әртүрлі бағыт бойынша күзетшілер қажет. Жұмыс аса қатты қиын емес. Жылдан-жылға тәжірибесіне байланысты лауазымы да өсіп отырмақ.

Қалалық экономика және қаржы бөлімін полицейлермен салыстырғанда қажет маман саны аз. Мұнда әзірге 2 адам жетіспейді. Үміткерлерге қойылатын талап – экономика және қаржы мамандығына сай орта арнайы немесе жоғары білімі болуы керек.

КӨПЕЙ БАБАКОВА, қалалық экономика және қаржы бөлімінің әдіскері:

– Екі секторға бас маман қажет. Олар: есептілікті атқару бөлімі және жоспарлау бөлімдері. Бізге жаңа ғана бір қыз келіп, жұмыс жайлы сұрады. Алдағы уақытта бізге келіп, жұмысқа орналасқысы келеді екен. Бізге жұмысқа келгендер есепші, экономист ретінде жұмыс істей алады.

Жалпы, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жәрмеңкеге 20-ға жуық жұмысберуші ұйымның өкілдері қатысты. Екі қолға бір күрек іздеп жүргендердің жастары әртүрлі, бірі – студент, бірі – бірнеше жылдық еңбек өтілі бар азамат. Сондай-ақ, жұмыс іздегендер бос жұмыс орнын онлайн да қарастыра алады.

АМАН ТӨРЕГЕЛДИН, СҚО еңбек мобильділігі орталығының директоры:

– Негізі, мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу өте оңай. Қазір «Е-қызмет» жүйесі бар, сол арқылы азаматтар тест тапсырып, жұмысқа орналаса алады.

Жалпы, облыстық еңбек мобильділігі орталығы арқылы бір жыл ішінде мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнын тапқан.

 

Мәдина Қаби