Бала тәрбиесі қай заманда болмасын оңай болмаған. Жеткіншектердің шектен тыс еркелігі мен айтқанды тыңдамауы ата-аналарды ашуландырып, айқайлауына алып келеді. Жасыратыны жоқ, кей кезде ұрыстың соңы ұруға әкеліп жатады. Психологтардың сөзінше, ата-аналардың көбі баланы қол көтеріп қана тәрбиелей аламыз деп ойлайды. Бірақ, бұл – қате түсінік. Аталған олқылықтың орнын толтыру үшін не істеу қажет? Сол мақсатта “AMANAT” партиясының облыстық филиалында жиын өтті.
ИРИНА ЯКИМОВА, психолог:
– Қаладағы психологтар бірігіп, ерлі-зайыптыларға ұдайы қолдау білдіреміз. Негізінен, ұрып тәрбиелеу – ата-ананың бала тілін таба алмағандығының белгісі. Айқаймен де еш нәрсе шешілмейді. Салдарынан жасөспірімдер ынжық болып қалуы мүмкін. Егер жеткіншектер айтқанды тыңдамаса, ең алдымен сөйлесіп, бәрін жіті түсіндірген абзал. Тағы айтарым, ерлі-зайыптылар өздеріне де уақыт тауып, көңіл бөлгендері дұрыс. Мүмкін болса кітап оқып, достарымен сөйлесіп немесе серуендеп келгені жақсы.
“Отан отбасыдан басталады”. Егер ата-ана балаларын дұрыс тәрбиелесе, елімізде де тәртіп болып, қарыштап дамитынымыз сөзсіз. Сондықтан, осы сияқты басқосулардың көптеп өткізілуі қоғам үшін аса маңызды.
ИРИНА ЯКИМОВА, психолог:
– Балалар жасөспірім шақта түрлі қылықтар шығара бастайды. Сол кезеңде ата-аналардың көбі күйзеліске ұшырайды. Дені психологқа баруға ұялады. Мамандарға жүгінсе өзін аурумын деп санайды. Бұл – өрескел қателік. Адам психологтармен сөйлесу арқылы шешімін таба алмай жүрген сұрақтарына жауап алады. Ой-өрісі кеңейеді. Алған білімі бала тәрбиелеуде оң ықпалын тигізеді.
Ұйымдастырушылар келген ата-аналарға жан тынышталып, ми тынығатын түрлі жаттығуларды көрсетті. Түрлі психологиялық кеңестер берді. Жасыратыны жоқ, жанұя болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ, баланың көзінше ата-ана мүлдем ұрсыспауы қажет. Бұл да жеткіншектердің психологиясына кері әсер ететін фактор.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:
– Баламен уақыт өткізу арқылы күйзелістен шығуға болады. Жұмыстан шаршап келсең де үйде оны көрсетпеген дұрыс.
Шаңырақтың іргесін берік етіп, ішін мейірім мен махаббатқа толтыру — ата-ананың қолында. Егер де болашақта балаңыздың адал әрі үлгілі азамат болғанын қаласаңыз, кішкентай кезінен дұрыс тәрбие берген жөн. Ол үшін өз-өзіне көңіл бөліп, қай кезде болмасын барлығын ақылмен шешкен абзал дейді сарапшылар.
Нұрасыл Ахмет