Спорт

Теріскейлік муайтайшылар ел чемпионатында 18 медаль жеңіп алды

Жерлес спортшыларымыз облыс намысын абыроймен қорғады. Таяу арада Орал қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында муай-тайдан ел чемпионаты өткен болатын. Азамат Хайриденов дүбірлі додаға қатысып, бірінші орынға ие болды. Ол рингте үш кездесу өткізген.

АЗАМАТ ХАЙРИДЕНОВ, муай-тайдан ҚР чемпионы:

Қарсыластарым осал болмады. Финалда ақтаулық, атыраулық және алматылық спортшылармен кездестім. Бірінші кездесуде қарсыласымды уақытынан бұрын жеңдім. Ал қалған екеуін есеп бойынша жеңдім. Өзім спорт шеберіне үміткермін. 45 келі салмақ дәрежесінде сынға түстім.

13 жасар Әлихан Қоныспай болса үшінші орынды қанағат тұтты. Бұған дейін халықаралық жарыстарда жүлдегер болған жастың айтуынша, кездесу оңайға соқпапты.

ӘЛИХАН ҚОНЫСПАЙ, муай-тайтан ҚР чемпионатының 3-ші орын иегері:

– Жекпе-жек өте қиын болды. Қарсыластарымның екеуі де Алматы қаласынан болды. Екеуі де мықты. Менің муай-таймен айналысып келе жатқаныма 7 жылдай болды.

Дүбірлі додада өңір намысын 29 спортшы қорғаған. Муайтайшылар барлығы 18 медаль жеңіп алды. Оның 5-еуі -алтын, 5-еуі – күміс, қалғаны – қола. Білікті бапкер Иван Вон-Хон-Тун бұл өте жоғары көрсеткіш дейді.

ИВАН ВОН-ХОН-ТУН, муай-тай бойынша Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы:

– Жылдан-жылға ел чемпионатына қатысушы жастардың саны артып келеді. Осы жолы шәкірттерім жалпыкомандалық есепте 350 спортшының арасынан 3-ші орынға ие болды. Негізі, өңірде тай боксының даму қарқыны жақсы. Облыста муай-таймен қазір 500-ге тарта азамат айналысады.

Тайбоксшылар енді әлем чемпионатына дайындаладып жатыр. Жарыс қыркүйек айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді. Оған қатысатын ел құрамасына СҚО-дан 5 спортшы енген.

 

Мәдина Қаби