Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да биыл 4,4 млн гектар алқапқа ырыс дәні себілмек

СҚО – ауыл шаруашылығы бойынша еліміздегі шоқтығы биік аймақтардың бірі. Өткен жылы теріскейлік диқандар рекордты көлемде, яғни, 6,5 млн тонна астық жинаған. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Биыл да игі дәстүрден жаңылмай мол өнім алу қажет. Сол мақсатта Петропавлда өңір аграрилерінің басын қосқан семинар-кеңес өтті. Маңызды басқосуға ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы келген. Жиында өңіріміздегі тегеурінді техника шығаратын зауыттар еңбеккерлерге арнап көрме ұйымдастырды. Осының арқасында шаруалар алдағы маңызды кезеңге керекті трактор, комбайндар ала алады. Ведомство басшысы мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жиын басталмас бұрын әр кәсіпорынның мамандарымен тілдесті.

Көрмеден соң аграрилерге арналған алқалы жиын өтті. Басқосу шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, деректермен бөлісті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облысымыз былтыр соңғы 13 жылда болмаған рекордты көлемде өнім алды. Биыл өңір алқаптарының көлемі 4,4 млн гектар аумақты құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 3,3 млн гектар аумаққа, майлы дақылдардың алқабы – 760 мың, жемшөп 379 мың гектарға егілетін болады. Құрметті жиынға қатысушылар, бүгін Айдарбек Сейпілұлымен бірге саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар келді. Мамандардан өздеріңізге қажетті ақпараттарды сұраңыздар. Бұл сіздерге алдағы егіс науқанында зор көмек болатыны сөзсіз.

Жұмыстан қашпай, талмай еңбек ететін жандар мемлекет тарапынан әрдайым қолдауға ие болады. Мұны мінберге шығып, сөз сөйлеген ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты. Ведомство басшысы диқандар ешқашан көмексіз қалмайтынын жеткізді. Айдарбек Сейпілұлының сөзінше, саланың дамуы – Мемлекет басшысының басты назарында.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– 2022 жылы диқандарға 70 млрд теңге ғана бюджеттік несие берілетін. Былтыр бөлінетін қаржыны 2 есеге ұлғайтқан болатынбыз. Нәтижесінде мол өнім алдық.

Жиын барысында Айдарбек Сейпілұлы себілетін тұқымның сапасына баса назар аудару қажет екенін жеткізді. Себебі, сапалы тұқым – мол өнім кепілі. Содан соң мінберге облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов шықты. Ол көктемгі егіс жұмыстарына қажетті техника мен жанар-жағармай жеткілікті екенін атап өтті. Енді ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдында тұрған маңызды міндет – егін егу науқанын жоғары деңгейде, ұйымдастырылған түрде өткізу. Өйткені, күзде мол өнім алу үшін қазірден бастап аянбай еңбектену қажет.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қазіргі таңда диқандардың көбі минералды тыңайтқыш қолданбайды. Соның салдарынан кейбір серіктестіктер аз өнім алып жатады. Әр аудан осы мәселені қолға алуы қажет. Тағы бір айта кететін жайт, былтыр өңір аграрилері 70 млрд теңгеге 3 мыңға жуық су жаңа техника сатып алды. Бірақ, бір өкініштісі, облыс шаруашылықтарындағы трактор, комбайндардың жартысынан астамы ескі. Тозығы жеткен техникалардың кесірінен біз бәсекеге қабілеттілігімізді жоғалтып аламыз. Сондықтан, еңбеккерлерден машина-трактор паркін жаңартуларыңызды сұраймын.

Алқалы жиынға 200-ден астам диқан қатысты. Қатысушылардың барлығы басқосудың арқасында мол ақпар алғандарын жеткізді.

ТАЛҒАТ МҰСАРИАНОВ, “ДОС СК” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Биыл 2 мың 200 гектар аумаққа дән сіңіргелі отырмыз. Егіс науқанына дайынбыз. Салада 20 жылға жуық уақыт жүрсем де әлі білмейтінім көп. Бүгін диқандарға арналған түрлі жаңа жобалардың бар екенін көрдім. Алдағы уақытта жеңілдетілген пайызбен несие алып, шаруашылығымды дамытқым келеді.

Басқосуға облыстық “Қазгидромет” мамандары да шақыртылыпты. Олар диқандарға егіс науқанын сәуір айының соңында бастауға болатынын айтты. Жиын соңында Айдарбек Сапаров пен Ғауез Нұрмұхамбетов көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап, уақытылы аяқтау қажет деді.

 

Нұрасыл Ахмет