Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шұғайып Ибатуллин: “Ақмола облысында әлі судың деңгейі көтерілген жоқ”

Әдетте қары қалың деп сипатталатын өңірімізде биыл ақ ұлпа ерте еріді. Қарғын су айтарлықтай қауіп төндірмеді. Өз жолымен ағып кетті, жерге сіңіп кетті. Дегенмен, әлі босаңси алмаймыз. Ерке Есіл кез келген күні арнасынан асып, әлекке салуы мүмкін. Бүгінде Сергеев торабындағы жағдай тұрақты. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚОФ директоры:

– Сергеев су қоймасындағы судың көтерілуі 19 наурыз күні тіркелді. Ең жоғары деңгей 25 наурызда болды, көрсеткіш 97 см құрады. Ал қазіргі таңдағы көрсеткіш 95 см құрайды.

Біздегі жағдай Ақмола облысындағы ахуалға тікелей байланысты екенін ұмытпайық. Мамандарымыз көрші облыстан тұрақты түрде ақпар алады. Әзірге алаңдауға себеп жоқ екен.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚОФ директоры:

– Өңірімізге су Ақмола облысындағы Жабай, Қалқұтан сынды өзендерден келеді. Олар мұздан енді арылып жатыр.

Брифинг соңында Шұғайып Ибатуллин шындыққа көз жеткізбей әлеуметтік желіде жар салатын тұрғындарға, блогерлерге жүгінді. Оның сөзінше, біздің арамызда “Сергеев су қоймасында жарық пайда болды, торап бүгін-ертең жарылуы мүмкін” деп жарыса хабарлайтындар бар. Бұл – жалған ақпар. Жұртшылықты алдаудың қажеті жоқ. Расталмаған дерек үшін тұлға жаза да арқалауы мүмкін. Сөз соңында спикер осыны баса айтты.

 

Байболат Құлтанов